426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жамбыл облысында «Тараз және түркі өркениеті» ғылыми конференциясы өтті

  • 131
  • UPD: 14:28, 12.10.2021

Түркі өркениетінің ошағы, тарихы терең Тараз Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Мұны айғақтайтын тарихи негіздер жетерлік. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Тараз және түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Жиынға АҚШ, Түркия, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысты.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, ауқымды шара Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың 7 қыры» мақалаларында көрсетілген ұлттық құндылықты дәріптеу, жалпытүркілік өркениеттің мәдени дамуы мен тарихи өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, қазақ жерінде Жібек жолынан бері барлық карталарда келе жатқан екі қала бар. Бірі Тараз қаласы, екіншісі Жаркент. Елімізде ЮНЕСКО-ға енетін 11 объекті болса, соның бесеуі Жамбыл облысында орналасқан. 

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Тараздан шыққан белгілі Таразилерді түгендеп, олардың есімдері мен еңбектерін ұрпаққа жеткізу керек деді. Сондай-ақ балбалтастар музейін ашуды ұсынды. Халықаралық Түркі академиясының Президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ежелгі және кейінгі замандағы түркі ұрпақтары арасындағы сабақтастықты одан әрі нығайтудың жалпы ұлттық мақсаты – Ұлы Дала елін Мәңгілік елге айналдыру екендігін баса айтты.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Ұлттың санасы дұрыс қалыптасу үшін тарих дұрыс жазылу керек. Егер тарих дұрыс жазылмаса, онда ұлттың санасы да қате қалыптасады. Сондықтан тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүгі артылады. 

Ал АҚШ-тан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Юлай Шәмілоғлы Қытай саяхатшысы Суан Цяньның 7-ғасырда Әулиеата өңірінде болып, жүргізген зерттеулерінен құнды мәліметтер келтірді. Жапон ғалымы Садакатцу Кунитаке де Жамбыл өңірінде жүргізген экспедициясынан ақпарат бөлісті.

Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы