Қырғызстандағы Қазақстанның мәдени күндері аяқталды

Еліміздің 400-ден астам өнерпазы қырғыз еліне қазақтың әні мен күйін тарту етті. Қос мемлекет мәдени байланысты әлі де дамыта бермек. Оның дәлелі ретінде майталмандарымызға еларалық сыйлықтар мен құрметті профессор атағы берілді.

Пандемия өнерсүйер қауымды әуреге салғаны рас. Бірақ құндылық кемімеген, керісінше өнерпаз бен көрерменнің жаңа тынысын ашқандай. Қазақстанның қырғыз еліндегі мәдени күндері осыны айғақтады.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазақ елінің үлкен, ыстық, қуанышты ықыласын сіздерге алып келдік. Ерекше мүшайра да өтті, концерттер де өтті. Биыл біздің мәдениет күндері емес, мәдениет жылы. Сондықтан өздеріңізге үлкен ризашылығымызды білдіре отырып, құдай қаласа, аманшылық болып ендігі жылы сіздерді күтеміз. 

Қырғыз халқы да қонақтарды құр қол қайтармады. Әлібек Дінішев, Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева Айтматов атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Мақпал Жүнісова, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева, Алтынбек Қоразбаевтар құрметті профессор атағын алды. 

Майра Мұхаммедқызы, опера әншісі:

- Кенеттен осындай үлкен сыйлықтармен мені марапаттап жатқанына әрине мақтанамын. Қырғыз-қазақ дос мемлекеттер. Сол достықтың арқасы, бүгінгі күні жалғасып келеді.

Мақпал Жүнісова, әнші:

- Тоқтоғұл, Жамбылдар бәрі бірге қатарлас болған ғой. Сондықтан да кейінгі кезде қырғыз халқының композиторы Бейсекеев «Қашан келесің» деген әнін репертуарыма қостым. ОЛ альбомыма да кірді. Ол кісі жеке концертіңізбен келсеңіз деп шақырып отыр. 

Қалың көрермен қазақ киносының күндерін асыға күткен. Өйткені екі елдің тарихы ұқсас. Әсіресе «Алмас қылыш», «Томирис», «Анаға апарар жол» фильмдерінің шоқтығы биік. Айтпақшы, "Томирис" қырғыздың үлкен экранында алғаш рет көрсетілді. 

Әділ Ахметов, актер:

- Өзім осы «Анаға апарар жол» фильміне түсерде Ілиястың образына дайындалып жүрген кезде Ш. Айтматовтың шығармаларын қайтадан оқыған болатынмын. Маған үлкен көмегін тигізді. Сондықтан да ойлаймын біздің қай киномыз болмасын, қырғыз халқының да ерекше сүйіспеншілігіне бөленеді деп. 

Дүбірлі той өнер майталмандарының концертіне ұласты. Құлақ құрышын қандырар ән, делебені қоздырар би, жанға рух сыйлар күй, ескіден естелік жасаған қойылымдар көрерменді қуантты, жылатты, тебірентті.

Ален Тұрлыбаев, көрермен:

- Осындай концерттерді сағындық. Пандемия кезінде өнерпаздар ел аралай алмай қалды. Міне тыныш заман орнап, гастрольдік сапарлар жандана бастағанына қатты қуанып тұрмын. Рақмет сіздерге.  

Тәттібүбү Садырбекова, көрермен:

- Күз басталғанда қырғызда да, қазақта да жақсылықтар басталады ғой. Міне әдемі тойға куә болып жатырмыз. Роза Рымбаева, Музарт тобын қатты күтіп едік, Рухияның да дауысына тәнті болып жатырмыз.  

Ықыласы шексіз көрермен назарына археологиялық жәдігерлер мен сурет көрмесі, сондай-ақ «Абай» операсы ұсынылды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Тамыры бір қос елдің сағына қауышуына біз де куә болдық. Қазақ халқының мәдениеті қырғыздарға әсе жат емес екен. Саф өнерге әбден сусаған олар рухани, мәдени демалыс сыйлағаны үшін қазақ өнерпаздарына «чоң ракмат» десті.

Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін