Алып мұнай компаниясы Оралда зәулім өнер ордасын тұрғызып берді

Оралда «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы алып өнер ордасының құрылысын сәтті аяқтады. Аталған жоба кәсіпорынның аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жобасына енген. Тұңғыш Президент атындағы алаңда орын тепкен нысанның құрылысына 24 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты.

Ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, компания басшылығы, мердігер ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

«Атамекен» өнер орталығы классикалық үлгіде салынған. Жалпы аумағы 20 шаршы метр болатын ғимаратта сән-салтанаты келісті бірнеше зал бар. 360 градусқа айналатын сахна оркестр отыратын арнайы орынмен жабдықталған.   

Джанкарло Рую, «Қарашығанақ» Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры:

- Біз Жайық өңірінің дамуы мен тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға күш салып келеміз. Жаңа өнер ордасының ғимараты да ҚПО компаниясы мен жергілікті қоғамдастықтың жемісті әрі берік әріптестігінің нәтижесі. Оның ашылуы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына лайықты тарту болды. Мен осынау маңызды жобаның жүзеге асуына атсалысқан баршаңызға алғыс білдіремін.      

Өнер ордасында балалар мерекесін ұйымдастыруға, көркемөнер көрмелері мен тұсаукесерлер өткізуге мүміндік мол. Ғимараттың ашылуы барысында ҚПО компаниясы заманауи итальяндық және нидерландтық суретшілер мен мүсіншілер көрмесін ұйымдастырды. Ал өңір тұрғындары осының барлығы тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткен табыстар деп санайды.    

Ақұштап Бақтыгереева, ақын:

- Егемендіктің 30 жылдығына орай ашылып жатқан бұл концерт сарайы бүкіл Қазақстан өнепаздарына үлкен жол ашады деп ойлаймын. Және келер ұрпақтың ән салуына, өркендеп өсуіне, өнерге қанат қағуына себепкер болады деп үміттенемін.

ҚПО компаниясы 20 жылда жүздеген шақырым болатын жолдар мен ондаған мектептің, сондай-ақ аурухана, спорт және әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландырды. Компанияның өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестициясының жалпы көлемі 449 миллион АҚШ долларынан асты.  

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...