Жасмин Түзелова – «Бала дауысы» жобасының Гран-при иегері атанды

Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Хабар 24 ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Финалға биыл 25 наурыз бен 15 мамыр аралығындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы мен он төрт облыстың 17  жас дарынды өнерпазы жолдама алды.

«Бала дауысы» ән байқауының VI маусымының  жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жоба авторы Әлия Назарбаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева қатысты.

7  қазанда «Шетелдік және отандық хит әндер» концерттік бағдарламасы өткізіліп, жас әншілер танымал туындыларды Илья Башкатов жетекшілігіндегі топтың сүйемеледеуімен орындады. Балалардың өнерін Әли Оқапов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбеков, Бейбіт Кошқалиев және Диана Снегина сынды отандық танымал әншілер бағалады.

9 қазан, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Бала дауысы» жобасының 5 жылдығына арналған «Туған күніңмен, Бала дауысы!» атты Гала-концертте балалар алдыңғы жылдардың финалистерімен бірге танымал және авторлық әндерді шырқап, әрбір жас қатысушы өз өнерімен және кәсіби шеберлілігімен қалың көрерменді тәнті етті. Ал мерейтойлық маусымның қорытынды концерті биылғы ең ауқымды іс-шараларының қатарына кірді.

Байқау қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Бала дауысы» жобасының биылғы Гран-при иегерінің есімін атады. Бас жүлде – Қазақ ұлттық өнер университетінде оқу гранты Жасмин Түзеловаға бұйырды. Ал бірінші орынды Маңғыстау өңірінен келген Әмина Асғатова алса, екінші орынды алматылық Юлия Макс пен қарағандылық Виктор Емельянов иеленді. Үшінші орынға Атырау облысының өкілі Алтынай Төлеген, Қызылорда облысының жас әншісі Серік Мадияр және Түркістан облысынан сынға түскен Майя Болат жайғасты. Дауыс беру барысында «Көрермендер көзайымы» сыйлығын Батыс Қазақстан облысынан келген Санжар Дәукенов иеленді.

Ақтоты Райымқұлова байқау жеңімпаздарын құттықтай келе, «Бала дауысы» көптеген жас өнерпаздың шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашатын ауқымды жобаға айналып үлгергенін айтты. 

«Осымен алты маусым бойы еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған мыңдаған талантты сәби музыка мен балалық шақ мерекесінің кейіпкерлеріне айналып келеді. Бұл конкурс аз уақытта балаларға арналған 79 жаңа ән сыйлады. 200-ге жуық балақай «Бала дауысының» лауреаты атанып, бүгінгі таңда еліміздің музыкалық оқу орындарында білім алып жатыр және халықаралық сахналарда еліміздің атын шығарып жүр. Кішкентай ғана балақайларымыздың үлкен жеңістері, олардың бойында тұнып жатқан өнердің көзін аша білу - оларға көрсетілетін үлкен қолдау. Бұл өз кезегінде балалардың болашағына, Отанымыздың болашағына қосылған зор үлес. Мен «Бала дауысы» конкурсының барлық түлегі Тәуелсіз Қазақстанымыздың беделді азаматы боларына, өз істерімен және өздерінің қайталанбас өнерлерімен оның даңқын арттыра беретініне сенімдімін»,- деді Мәдениет және спорт министрі.

Жыл сайын ондаған жас үміткерге өнер әлеміне жолдама беретін «Бала дауысы» конкурсының биылғы іріктеуіне еліміздің түкпір-түкпірінен 8 бен 12 жас аралығындағы 5 583 бала қатысты.