«Бабалар ізімен»: қазақ батырларының Еділ бойындағы ерлігі

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Волгоградта, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еділ өзенін бойлай орналасқан бұл шаһарды жаудан қорғау үшін қаншама қазақ жауынгері қан төкті. Сапар барысында экспедиция мүшелері ерлігі елге мәлім батыр бабаларымызға қойылған ескерткіштерді аралады. Сондай-ақ Алтын орданың екінші астанасы Сарай-Берке қаласының тұрған жеріне арнайы ат басын бұрды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Жазық дала, самал жел. Бейсауат жүрген жан кездеспейді мұнда. Ал 14 ғасырда дәл осы маңда бақшасы жайнаған, құстары сайраған, тірлігі қыз-қыз қайнаған алып қала болды. Жай қала емес, сол кезде азуын айға білеген Алтын орданың астана Сарай-Берке шаһарының орны бұл. Кей деректерде Гүлістан деп аталады. Дәл осы жерде сауда жасау үшін көш керуендері сонау Бағдаттан, Мысырдан, Ираннан, Еуропа мен Қытайдан ағылатын. Ал жергілікті жұрт мынадай қора-қора қойын әкеп сататын. Мұнда мешіттер, шіркеулер, ғибадатханалар тең дәрежеде жұмыс істеді. Бірақ олардың барлығы қирады, жермен жексен болды. Бүгінде олардан топырақ үйінділер мен мынадай қыш кесектерден қалған бөлшектер ғана сақталды.

«Сарай-Беркеде 100 мыңдай адам тұрады. Ол үлкендігі жағынан сол замандағы өркениет ошағы Бағдаттан ғана кем түседі». Арабтың әйгілі тарихшысы Ибн-Батута өз естеліктерінде осылай жазған. Өз заманында дүрілдеп тұрған сол шаһардың орны бүгінде жайылымға айналған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Қала мәдениеттің орталығы болды, сол кездегі ғылымның орталығы болды. Бұл арада қандай халық тұратынын Батута айтады. Сол кезде бұл арада моңғолдардан басқа қыпшақтар, орыстар, византиялықтар, парсылар, арабтар тұрды. Көп саудагер болды дейді. Олардың өздерінің керуен сарайлары болды. Моңғолдар хан болғаны болмаса олардың саны өте аз болатын. Ал тұрақты адамдар ол кезде қыпшақтар болатын.

Жаяу адам таңнан кешке дейін аралап тауыса алмайтын Гүлістан шаһарының орны зерттеуді қажет етеді-ақ. Алайда қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Аумақ мемлекеттік қорғауға алынған. Бірақ қоршалмапты. Қалқайып жалғыз белгі ғана тұр. Осыны көріп көңіл құлазып, Волгоградқа қайта оралдық.

Бұл қаланың бұрынғы атауы – Сталинград. Екінші дүниежүзілік соғыста Еділ бойындағы осы шаһарды жаудан қорғау үшін 1 миллион 200 мыңға жуық совет сарбазы жан берді. Солардың арасында біздің бабаларымыз да бар. Көбі Мамай қорғаны деп аталатын төбенің баурайындағы бауырластар зиратына жерленген. Боздақтардың құрметіне Қазақстан атынан белгі тас қойылыпты. Сондай-ақ мұнда кеңес одағының батыры әскери ұшқыш Нұркен Әбдіровке арнайы құрмет жасалған. Оққа ұшқан ұшағын жаудың ініне бағыттаған бабамыздың есімі батырларға арналған 37 белгінің ішінде бірінші тұр.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Кезінде Ұлы Отан соғысына 1 миллион 700 мыңдай қазақстандық қатысты. Оның жартысынан көбісі қайтпай қалды. Солардың ішінен 500-ге тақау Кеңес одағының батыры деген атақ алды. Соның бірі – сол жағымда жатқан плита. Мұнда Нүркенов Әбдір деп жазылған. Бұл Қарағандыдан шыққан біздің жерлесіміз 23 жасында ұшқыш болып осы Сталинград соғысына қатысқан, осы арада қаза тапқан. Мұның денесі мұнда қойылмаған. Бірақ соған арнап қойылған үлкен тақтайша жатыр.

Эрик Дусурупов, Қазақстан азаматы (саяхатшы):

– Батыр бабамыздың ерлігі туралы көп естідім. Енді міне, есімі жазылған тақтаның қасына келгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Олар біздің бейбіт, тыныш өмір сүруіміз үшін жанын аямай, қыршыннан қиылды. Біз олардың үмітін ақтап, ерлігін естен шығармауымыз керек.

Ал мынау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталинградтың қорғаныс қамалына айналған Павлов үйі. Еділдің сол жағалауына өтетін жолдың дәл алдында тұр. Егер фашистер осы үйден әрі асқанда кеңес әскерін талқандап кетуі де мүмкін еді. Алайда жаужүрек 25 жігіт оны екі ай бойы қорғады. Ақыры бермеді. Сол 25 сарбаздың бірі бабамыз Толыбай Мырзаев еді.

Ирина Трубидская, өлкетанушы:

– Мына естелік қабырғада Сталинградты қорғап жатқан сарбаздардың әрекеті бейнеленген. Ал оның астында осы үйді қорғаған 25 батырдың есімі жазлған. Олар 10 ұлт өкілінен құралған. Соның ішінде Қазақстаннан келген Толыбай Мырзаев бар. Ол Сталинградтағы соғыстан кейін осы үйдің аты берілген сержант Павловпен бірге Берлинге дейін барып, фашизмді біржола жеңіп қайтты.

Бұл қаладағы бабаларымызға қатысты тарихи деректерді бір сюжетке сыйғызу мүмкін емес. Десе де ғылыми экспедиция мүшелері ең негізгілерін аралап шықты. Осылайша Ресейге жасаған 14 күндік сапарын қорытындылады.

Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков