Елдің есін алған «Кальмар ойыны» телехикаясы қалай түсірілді? Эксклюзив

Әлемге кең таралған «Кальмар ойыны» сериалы Оңтүстік Кореяда туризмді дамытуға серпін бермек. Елде саяхатшыларға арналған жаңа бағыттар әзірленуде. Ал фильмде көрсетілген ойындар шетелдіктер арасында танымал болды.

Владислав Цой, тілші:

- «Кальмар ойыны» эфирге шыққаннан кейін Сеул шетіндегі шағын базардың танымалдығы артты. Ал сериалда көрсетілген Навон ауданы енді Кореяның көрнекі орнына айналды.

Әлемге әйгілі болған телехикаяның басты кейіпкері Санмундон деген жерде тұрады. Бұл Сеулдегі аудандардың бірі. Фильмдегі кей бөлім осындағы шағын базарда түсірілген. Қазір осы жерде балық саудалап жүрген Сон Джом Сук түсірілім түнгі уақытта болғанын айтып отыр. Ол актерлерге балықты аршуды үйретіп, тіпті  эпизодтық рольде ойнаған екен.

Сон Джом Сук, саудагер:

- Мен сериалға түскен актрисаға балықты қалай дұрыс аршу керегін көрсеттім. Бірақ кальмарды қолғап киіп, өзім мүшеледім. Сондықтан кадрда менің қолымды көруге болады.

Фильмде көрсетілген ойындардың бірі қантты печенье. Бұдан ойыншылар ине арқылы мүсін кесуі тиіс. Осындай тәтті сататын сауда орындарына келушілер саны сериал экранға шыққаннан кейін күрт өсті. Кореялықтар сериалдағы оқиғалар ойдан алынбағанын айтады. Бұл күнделікті өмірдің көрінісі, дейді олар. 

Ку Дон У, Сеул тұрғыны:

- Кореяда экономикалық жағдай ушыққан сайын жастар жиі несие ала бастады. Тіпті банктердің шартымен де егжей-тегжей таныспайтын болды. Осылайша адамдар қарызға белшеден батты. Бұл фильм елдегі ахуалдың айқын көрінісі. Сериалдағы 456 борышкердің бәрі бірдей басты ұтысқа қол жеткізгісі келеді. Ол үшін жанын қиюға да дайын. Қазір біздің мемлекеттегі күнкөріс те осындай. 

Фильмде көрсетілген Сонгап аралына қазір туристік бағыттар әзірленуде. Сондай-ақ мамандар Чеджу аралына келетін туристер саны да арта түсетініне сенімді. Өйткені бұл аралға - телехикаясының Солтүстік Кореялық Себёк есімді кейіпкері барғысы келген. Кездейсоқ па, жоқ па, әйтеуір шілдеден бастап шетелдік туристер саны арта бастады.

Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, тамызда Кореяға 97 мың адам келген. Бұл шілдемен салыстырғанда 17 процентке көп.

Владислав Цой, Ольга Лян