Қарағандыда өнер қайраткері Әшірбек Сығай атындағы театрлар фестивалі басталды

Қарағандыда еліміздің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұңғыш рет ұйымдастырылған өнер бәйгесіне 15 театр қатысып жатыр. Фестиваль шымылдығы Ласло Дюрконың «Электра» трагедиясымен ашылды. Режиссер қоғамдағы құбылысты, адамдардың бір-біріне деген қатыгездігін айтуға тырысқан. Спектакльдің философиялық толғанысы жоғары, пәлсапалық тұжырымы терең, - дейді театр сыншылары. Айтуларынша, алты күн болатын өнер бәйгесінің репертуары өте бай, түрлі тақырыптарды қамтиды.

Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі:

- Репертуарлық аясы әртүрлі. Орыс классикасынан бастап, Чехов та бар, өзіміздің Ғабит Мүсірепов ағамыз да бар. Сосын жаңа драматургиялар бар. Бірақ мұның тағы бір ерекшелігі - осы спектакльдердің барлығы да жақында ғана қойылған премьералар.

Фестивальге еліміздің әр өңірінен 15 театр қатысуда. Көрермендер күніне үш қойылымнан тамашалайды. Ал театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шығармашылық ұжымдарды бірнеше номинация бойынша марапаттамақ. Таңдалған тақырып, сахналық киім үлгісі, декорация, актерлік шеберлігі, барлығы таразыға тартылады.

Амангелді Мұқан, қазылар алқасының төрағасы:

- Біздің театрларымыз қай бағытта жылжу керек, қандай мәселелерді, тақырыптарды көтеріп жатыр, қандай кейіпкер сахнаға шықты, театрдың эстетикасы қандай болып бара жатыр, бұның барлығы сынаптай сырғыған уақытта тоқтаусыз жүріп жатыр. Қазақ театры да соған сай болуы керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Әшірбек Сығай атындағы тетарлар фестивалі енді әр екі жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Ал кейін халықаралық деңгейге шығару жоспарда.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев