Көкшетауда республикалық «Сәлем, елорда!» фестивалі мәресіне жетті

Республикалық «Сәлем, елорда!» фестивалі өз мәресіне жетті. Көшпелі өнер керуені биыл алғаш рет Көкшетауда өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам мәдениет саласының мамандары қатысты. Олар 4 күн бойы Көкше жерінде өнер көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.

«Сәлем, елорда» фестивалінің бағдарламасы тек концертпен шектелмейді. Мұнда мәдениет саласы мамандарының шеберлік сабақтары да қарастырылған. Ал онда өнер майталмандары ақпарат ағынынан қалмауды үйренді.

Арай Кенжетаева, Алматы облыстық филармониясының бөлім жетекшісі:

- «Сәлем, елорда» біздің Алматы облысында өткен болатын. Бірінші рет қатыстым. Көп тәжірибе алмасу болды бізде. Ол кезде басқа салалар еді. Осы Көкшетауда СММ болды бізде, блогерство және ақпараттық қызмет.

Сондай-ақ кітапханашыларға да білікті мамандар тарапынан семинар ұйымдастырылды. Ең бастысы, министрлік өкілдері мәдениетке қатысы бар басшылардың барлығымен көркемдік кеңес өткізді.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың айтуынша, Ақмола облысының мәдениет саласы қарқынды дамып келеді. Ал осындай шаралар оның одан әрі өркендеуіне сеп болмақ.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Бұл жерде қазіргі таңдағы репертуар мәселесі, концерттік ұйымдардың, облыстық филармониялардың проблемалық мәселелері, шығармашылық проблемалық мәселелеріне басты назар аударып жатырмыз. Жалпы «Сәлем, елорда» көркемдік кеңестерін көшпелі өткізудің басты мақсаты – өңірлердің мәдениетін көтеру.

Жеңіс Сейдоллаұлы, «Қазақконцерт» директоры:

- Алға қойған мақсат – ол біздің мемлекетте карантин кезінде болсын және басқа да бір қиындықтар боп қалған кезде өнер адамдары өздерін қалай көрсете біледі, қалай халықпен араласа біледі. Мақсат сол. 

Ал шара соңы гала-концертпен аяқталды. Онда еліміздің әр өңірінен жиналған әнші, бишілер өнер көрсетіп, көкшетаулық көрерменді тәнті етті.

Айта кетейік, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мәдениет және спорт министрлігі Көкшетау қаласына «Қазақстанның мәдени астанасы» деген мәртебе берген болатын. Соның аясында аймақта 500-ден астам іс-шара өткізіледі.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко