Елордада айрықша симфониялық бағдарлама ұсынылмақ

Бүгін «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиннің «Үш дәуір – үш тағдыр» атты жобасы өтеді.

Театрда алғаш рет тыңдарман назарына ұсынылатын Антон Брукнердің №7 симфониясы іс-шараның маңызын арттыра түспек.

ХVIII, ХIХ және ХХ ғасырдағы үш ұлы композитор – Иоганн Себастьян Бах, Антон Брукнер, Бела Бартоктың туындылары бекер таңдалмаған. Музыканттардың тағдары олардың шығармашылығымен тығыз байланысты: әрқайсысы өз дәуірінің әлемдік музыка көкжиегіндегі жарқыраған жұлдызы іспетті. Классикалық жауһарлардың өзіндік интерпретациясын белгілі дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі ұсынады. Сөйтіп, тыңдарман қауым неміс бароккосы, бергі австриялық-неміс романтимзі мен венгр музыкалық классикасының жаңа қырларымен танысатын болады.

«Шын мәнінде, бұл – елордамыздың мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Астанада бұрын орындалмаған Антон Брукнердің №7 симфониясының шебер дыбысталуына қол жеткізу үшін оркестрмен көп дайындалдық. Бұл кемеңгер Брукнердің Рихард Вагнерді еске алуға арналған ең шабытты да әсерлі шығармаларының бірі деп есептеймін. Мадақ өлеңнің мәресі соңында жарқ еткен ұранмен аяқталу үшін әмбебап, кең ауқымға көтеріледі», – деп атап өтті Абзал Мұхитдин.

Сонымен қатар концерт бағдарламасына Бела Бартоктың шығармасы енгізілді. Естеріңізге салар болсақ, биыл барша музыка қауымдастығы 1881 жылы 25 наурызда дүниеге келген венгр композиторының 140 жылдығын атап өтуде. Оның ғұмыры қысқа еді – небәрі 64 жас жасады. ХХ ғасырдың жаңашыл музыканты Б.Барток – көптеген камералық туындылардың, оның ішінде ішекті аспаптар квартеттерінің, фортепианоға арналған музыканың, сондай-ақ оркестрлік әрі сахналық туындылардың авторы. Осы кеште Ішекті аспаптар оркестріне арналған дивертисменттің орындалуы көрнекті композиторге тарту болмақ.

Афишадағы тағы бір атақты есім – И.С. Бах. Композитор ерекше таныстыруды қажет етпейді, себебі оның әйгілі шығармаларын білмейтін адам кемде-кем. Алайда Бранденбург концерттер топтамасы оның көзі тірісінде орындалмаған болатын. Ноталары маркграф кітапханасында жүз жыл сақталып, кездейсоқ табылды. Бірақ бүгінгі күні И.С.Бахтың Бранденбург концерттері әлемнің үздік камералық оркестрлерінің интерпретациясында үнемі шырқалуда. «Астана Опера» театры да қалыс қалмады: әсем де нақышты №3 Бранденбург концертінің орындалуы талғампаз көрермендер үшін керемет тосын сый болмақ.

«Астана Операның» негізі қаланған сәттен бастап театрда тек опера мен балет сахналанып қоймай, сондай-ақ ең танымал хор әрі симфониялық туындылар шырқалатынын атап өту маңызды.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.