Германияда қарағандылық суретшінің көрмесі ашылды

«Күздің сүйген еріні». Осындай атаумен Германия астанасында қарағандылық суретші Мадихан Қалмахановтың көрмесі басталды.

Берлиндегі галереялардың бірінде өтіп жатқан экспозицияда қазақтың тазысы, қолына домбыра ұстаған кентавр, тұлпарлар бейнеленген картиналар қойылды. Келгендер натюрморт пен портреттерді де тамашалай алады. Іс-шара Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Сондықтан 30 картина қойылған. Бұл Мадихан Қалмахановтың Германиядағы алғашқы көрмесі емес. Көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.

Алексей Шрайнер, Ars Pro Dono галереясының негізін қалаушы:

– Осы туындыға жоғары баға берген бір неміс суретшісі болды. Ол мұнда шыны мен оның шағылысуын үлкен шеберлікпен екінің бірі жеткізе алмайтынын айтқан еді. Бұған көзі өткір, қолы алтын және шығармашылық әлеуеті зор суретшінің қабілеті ғана жетеді. Қазақстанға деген қызығушылық зор. Қазақ өнерін әлемдік шығармашылық әлеміне қосылған ең қызықты және ерекше деп атар едім.