Абылай хан әскері сапында болған жауынгерлердің бейіті табылды

Ақмола облысындағы Сәуле және Мамай ауылдары арасында Абылай хан әскері сапында болған жауынгерлер бейіті табылды.

Шейіттердің сол аумаққа жерленгенін бұрын-соңды ешкім білмепті. Қорымды «Абылай ханның қара жолы» атты экспедиция мүшелері тапқан. Бұл туралы Көкшетауда өткен «Бабалар рухына тағзым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды.

Жиын барысында негізінен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының 3 жылдық жұмысы қорытындыланды. 2018 жылы құрылған тарихи-зерттеу ұжымы содан бері бірнеше рет даңқты қолбасшының жүрген жолдарын зерттеді.

Мұрат Ыдырысов, экспедиция жетекшісі:

– Ең бірінші Абылай ханның қайтыс болған жерін таптық. Одан кейін экспедицияда Бетпақдаланың ортасымен жүрдік. Биылғымыз одан да ерен болды. Осы жолы Абылай ханның шайқасқан орындарында шейіт болған сарбаздардың басында рулардың таңбаларын көрдік.

Үш жыл қатарынан еліміздің солтүстігінен бастап оңтүстік пен шығысты зерттеген тарихшылар Ұлытау, Отырар, Қызылжар мен Семей секілді ұлы даланың айтулы жерлерін аралап, 20 мың шақырымға жуық жолды артқа тастады. Ендігі бағыт – батыстағы Алтын Орда.

Айна Мысырәлімова, облыс әкімінің орынбасары:

– Бұл үлкен еңбек. Біздің Ақмола облысы үшін – үлкен абырой. Экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша Абылай хан мен қазақ халқының өмірі және қызметі туралы зерттеу жұмыстары жинақталған ғылыми жинақ топтастырылды.

Конференцияға еліміздің тарихшыларынан бөлек, Ресей мен Украина ғалымдары да онлайн қатысты. Олар зерттеу саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, мамандар өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Қанат Еңсенов, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Бұл конференцияның мақсаты – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», оның ішіндегі ұлы даланың ұлы есімдерін насихаттау, оны халыққа таныстыру.

Ал шара соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына елеулі үлес қосып жүрген жандар марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный