Текелідегі этнофестивальде қолөнершілер өнімдерін жұрт назарына ұсынды

Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған Алматы облысының қолөнер шеберлері Текелі қаласында бас қосты. Кенді шахарда «Жетісу – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы» атты этнофестиваль өтті. Ұсталар, ісмерлер мен зергерлер өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, өзара сынға түсті.

Зайыт Сәйділхан ұсталық пен зергерлікті қатар меңгерген қолөнер шебері. Ол темірден бәкі, кездік, қақпан, ал алтын, күмістен әшекейлерді жасайды. Жүзік, сақина, білезіктерге салынған ою-өрнектің өзіндік мәні бар дейді зергер.

Зайыт Сәйділхан, қолөнер шебері:

- Тортөбел мүйіз қылып жасалған нәрсе екеуін бірлестіргенде қос жүрек болып тұр. Енді мынаны той жасайтын ұл, қыздар неке қиғанда осындай жүзіктер салады. Ал мына білезіктер сыңар мүйіз, той жасамаған қыздар соған қарай салған нәрселер. Ал мына әжелер салады білезікті. Төбел мүйіз қылып, шеңбер араластырып, нүктелер салады. Өркені өссін ұрпақты болсын деген мағына білдіреді.

Зайыт Сәйділхан сияқты 30-дан аса қолөнер шебері этнофестивальға қатысты. Олар құрақ көрпе, киіз өнімдер, ертұрман мен сазсырнай, ағаш астау, кәдесыйлар мен теріден жасалған картиналарды көпшілік назарына ұсынды.  

Әйкеш Мұқашева, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

- Бір жарым жылдан бері мұндай жиын, ештеңе болмады. Бәріміз үйде отырдық. Енді міне көрме ұйымдастырып, жан-жақтан келіп көрсетіп жатыр. Біздің қаламызда көрсеткеніне қуаныштымыз. Бұрында мұндай көрмелер Талдықорғанда ғана болатын. Бұл өте жақсы үрдіс деп ойлаймын. Кейінгі жастарға үлгі.

Ұлттық өнердің насихатшылары этнофестивальда өзара тәжірбие алмасты. Саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. 

Анаркүл Жаманқұлқызы, ісмер:

- Осы қолөнерімізге көмектесіп, грант берсе, киіп жүрген киіміміз өте пайдалы болғаннан кейін мынау шетелдерден алғанша өзіміздің өндірісімізді дамытып шығарсақ па дейміз.

Фестиваль қорытындысында үздіктер анықталып 9 аталым бойынша марапатталды. Өзге де қолөнер шеберлеріне алғыс хаттар табыс етілді. Салаға серпін беру мақсатында қоғамдық бірлестіктер мен туристік компаниялар арасында меморандум жасалды. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов