Театрлар фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Театрлар фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Қарағандыда өткен Әшірбек Сығай атындағы алғашқы республикалық театрлар фестивалінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бас жүлде екі бірдей өнер ұжымына бұйырды. Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Әшірбек Сығай атындағы сыйлықты, ал Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек талантымен тәнті еткен өнерпаздар «Үздік режиссура», «Үздік актер», «Үздік сценография» секілді 9 аталым бойынша марапатталды. Ал Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театр Әшірбек Сығайдың шәкірттері тағайындаған арнайы жүлдеге ие болды.

Айта кету керек, еліміздің барлық өңірінен жиналған 15 театр 6 күн бойы Арқа жұртына рухани ләззат сыйлап, барлық қойылым аншлагпен өтті. Енді бұл фестиваль әрбір екі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Келешекте халықаралық деңгейге шығару да жоспарда бар.  

Мирас Әбіл, театр сыншысы, қазылар алқасының мүшесі:

- Қазір неше түрлі жанрлар шықты ғой. Жаңа драма, перфоманс, вербатим. Осы жаңа жанрларды қалыптастырудың өкілдері - еліміздің жас режиссерлері көп қатысты. Әртүрлі жанрларда спектакльдер болды. Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Сын да айтылды. Фестиваль деген кез келген театрға көңілі қалмасын деп тоқпан жілік таратып беру емес. Бір театрға бірнеше номинация бердік, номинация алмаған да театрлар бар. Өйткені өнер - бәйге. Соған қарап мотивация алады. Театрлардың өсуі үшін болды.