«Мұқағали» фильмі 21 қазанда ұлттық прокатқа шығады

«Мұқағали» жұртшылықпен қайта қауышты. Белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» атты фильмі жарыққа шықты.

Елордада тұсауы кесілген кинотуынды қазанның 21-інде ұлттық прокатқа шығады. Қазақтың ақиық ақынының 90 жылдығына орай түсірілген фильм ақын өмірінің соңғы жылдарын баяндайды. Сюжет Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург, сондай-ақ Алматы облысында өрбиді. Ал басты кейіпкер Мұқағали Мақатаевтың ролін жас актер Абылай Жанбалаев ойнап шықты. Сондай-ақ кинода Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы, Фариза Оңғарсынова сынды заңғар тұлғалардың да бейнесі сомдалған. Фильмнің режиссері мұзбалақ ақын бейнесін үлкен экранға шығару үшін 15 жылдан астам уақыт еңбектенгенін айтады.

Болат Қалымбетов, «Мұқағали» фильмінің режиссері:

- Әбден піскеннен кейін ғана Жүсіпбек Қорғасбек деген жазушы досыма өтініш жасады. Сценарий жазып, қолға алдық. Бұл фильмде жалғыз Мұүқағали ғана емес, аты аңызға айналған аға-апайларымыз, Фариза апай, Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы атамыздың бейнесі бар.

Абылай Жанбалаев, «Мұқағали» ролін сомдаушы актер:

- Мұқағалитанушылармен, көзін көрген адамдармен сұхбаттасып, архив ақтардым. Барлығымен ақылдасып отырып, ішкі дүниесін білу үшін атсалыстым.