«Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмін италиялық көрермен қалай қабылдады

Рим кинофестивалінде «Оскар» сыйлығының иегері Оливер Стоун түсірген «Qazaq» деректі фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұңғыш көрсетілімде кісі қарасы көп болды. Кеңес өкіметінің құлауы, ел тәуелсіздігін алған тұстағы сындарлы кезең де фильмнен тыс қалмады.

Кино түсірудің хас шебері Оливер Стоун деректі картинада Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат ала отырып, саясаткердің жеке тұлғасын емес, Елбасы арқылы қазақ елінің қалыптасу және даму тарихын баяндайды.

Оливер Стоун, режиссёр:

- Бұл фильмді мақтан тұтамын және осында көрсетілгеніне өте қуаныштымын. Батыс Қазақстанды тереңірек, кеңірек танып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның соңғы 40 жылда жүріп өткен жолын, коммунизмнен жаңа формацияға өту, билікті беру туралы әңгімелейді. Ельцинмен, Путинмен қарым-қатынасы, АҚШ және Қытаймен ынтымақтастығы, Еуразияның кіндігінде орналасу ерекшелігі айтылады.

Фильмде Елбасы ешқашан айтпаған сырын ақтарады. Кеңес одағының құлауы, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы егжей-тегжейлі баяндалады. Қаддафидің ядролық қаруды сақтау үшін 20 миллиард доллар ұсынғанын да тілге тиек етті.

Игорь Лопатенок, фильм режиссёрі:

- Назарбаевпен сөйлесуден, оның өмірін зерттеуден ойға түйгенім, 40 жыл билік құрғанда ол биік рухани деңгейге көтеріле алған, өзімшілдігін жеңе білген. Бұл өте бірегей қасиеті. Сондықтан фильмнің атауында «Алтын адам» деген метафора қолдандық.

Римде толықметражды картина көрсетілді. Бұдан басқа авторлар 8 сериядан тұратын сериал да жасады. Ол әртүрлі елде көрсетілмек.

Игорь Кобзев, фильм продюсері:

- Қазақстанның аты бүкіл жерде естіліп жатқанына қуаныштымыз. Біздің фильмді әлем жылы қабылдайды деп сенемін. Көрермен керемет елді танып-біледі деп ойлаймын.

Римдегі көрермендер фильмнің әуеніне ерекше тәнті болды. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасын ең беделді халықаралық сарапшылардың бірі Карло Силиотто жазып шықты.

Аурельо Вайско, режиссёр:

- Бұл тамаша деректі фильм. Тұлға арқылы тұтас дүниені көрсетуде Оливер Стоунның бай тәжірибесі бар. Ол президенттер сияқты өте маңызды адамдарға сауатты, ізгі сұрақтарды қоя біледі. Фильм маған Нұрсұлтан Назарбаевтың харизмасын түсінуге көмектесті.

Джанни Помпони, фестиваль қонағы:

- Фильм керемет. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 40 жылдағы барлық жетістік туралы баяндайды. Осы кезеңде елдегі өмір сүру деңгейі үнемі өсіп отырған.

Рим кинофестивалі «Qazaq» фильмін әлемге таныту турнесін бастап берді. Картина АҚШ-та, Қытайда, Еуропаның басқа елдерінде де көрсетіледі. Әлемге әйгілі режиссер қазақтар туралы алғаш рет баяндаған киноға қызығушылық қазірден өте жоғары дейді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова.