«Хабар» туған күніне орай тележурналистер туралы телехикая көрсетеді

Жаңалықтар бөлімінің қызығы мен шыжығы. Телевизия әлеміндегі тартыс пен арна ішіндегі арпалыс. «Хабар» агенттігіне 26 жыл толуына орай алдағы демалыс күндері «Kaz News» сериалының тұсаукесері өтеді. Төрт бөлімнен тұратын телетуындыға көрерменге көптен таныс медиа мамандары түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас тілшіден білдей арна басшысына дейінгі журналистердің мансап жолы. «Kaz News» сериалының сюжеттік желісіне арқау болған негізгі тақырып осы. Сериалда жаңалықтар әлемінің қызығы мен шыжығы айқын көрініс тапқан. Өзек өртер өкінішті сәттер де жоқ емес.

Айгүл Мүкей, «Хабар» агенттігінің ардагері:

– Қазіргі таңда айтып жатыр «телевизия қалды, бірінші орында әлеуметтік желілер» деп. Бірақ, менің ойымша, бәрібір телевизияның өз сиқыры бар, магия дейміз бе, орысша. Менің ойымша, телевизия өте сапалы дүниені шығарады, бұрын да шығарған, қазір де шығарып жатыр.

Сериал авторы әрі продюсері әйгілі медиа маман әрі тележүргізуші – Санди Сұлтан. Ол өзінің тырнақалды туындысын әріптестеріне арнағанын айтады. Кейбірін тіпті рөл сомдауға шақырған. Олардың ішінде белгілі журналист, «Хабар» агенттігінің төрағасы Ерлан Бекхожин, Серік Әкішев бар. Туынды үш аптада түсірілген. 

Санди Сұлтан, «Kaz News» сериалының продюсері:

– 20-30 жыл телевидениеде жұмыс істеген Айгүл Мүкей, Карина Карпаева, Арай Әлімхан бар, Ляйлә Сұлтанқызы да эпизодқа түсті. Білімді, ақылды, сондай көп жұмыс істейтін адам болсаң, журналистиканы шын жүректен жақсы көретін болсаң ғана осы жерге келуге болады. Соның бәрін сериалда көрсеттік. Қызық болады деп үміттенемін.

«Хабар агенттігінің 26 жылдығына арналған «Kaz News» сериалы қарашаның 23-і мен 24-і күндері көрерменге жол тартады. Оны «Хабар» арнасынан сағат 16:00-де тамашалай аласыздар.

Авторы: Бақыт Топтаева