Ыстамбұлда Түркі кеңесінің медиафорумы басталды

Түркияның Ыстамбұл қаласында Түркі кеңесінің «Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ» атты медиафорумы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын үш күнге созылады. Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев бастап барды. Медиафорум Түркі тілдес елдер арасында ақпарат алмасуды жетілдіру, жалған ақпаратпен күрес және кино-телехикая өндірісінде бірлесе жұмыс істеуге бағытталған. Іс-шараға Түркия, Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстаннан 500-ге жуық делегат келді. Медиафорумның алғашқы сессиясында сериалдар өндірісін жолға қою және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. «Қазақстан» телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай бірлесе жұмыс істеу арқылы тарихы ортақ тұлғаларды түркітілдес елдерге кеңінен танытуды ұсынды.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

– Биылғы жылы түркі әлеміне ортақ тұлға – Қорқыт ата туралы сериал өндіруге кірістік. Қазір сценарийі жазылып жатыр, келесі жылы түсірілім жұмыстары басталады. Бұл тек бізге емес, Түркия, осында отырғанған Әзербайжан, сондай-ақ Өзбекстанға ортақ тұлға.

Кемелбек Ойшыбаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Осы медиафорумның басты тақырыбы – жалпы түркі тілдес халықтың жалпы тарихының ішінде қандай аспектілерге көңіл бөлуге болады. Болашақта түсірілетін сериалдар, фильмдер болсын, солардың ішінде қандай маңызды мәселелерді шешуге болатынын «Терең тарих зор болашақ» тақырыбында талқылау өтіп жатыр.