Павлодар облысы әнші Жарылғапберді Жұмабайұылының мерейтойын атап өтті

Баянауылдың бір перзенті Жарылғапберді Жұмабайұлы. Оның «Гауһартас», «Ардақ», «Шама», «Топайкөк» сияқты шоқтығы биік әндері қазақ музыка өнерінің мұрасына айналған. Биыл әншінің туғанына 170 жыл. Ел осы атаулы датаны атап өтті. Сонымен қатар павлодарлықтар қазақ театрының негізін қалаған режиссер Ерсайын Тәпеновке ескерткіш тақта орнатты.

Жарылғапберді ән өнерінде өз мектебі болған әнші ғана емес, дарынды сазгер. Қазақ әндерін зерттеуші Затаевич оның «Ардақ» әніне «музыка өнеріндегі құнды олжа» деп баға берген екен. Айтса айтқандай. Жарылғапбердінің әндері асқақтығымен ерекше.

Дәуренбек Слямғали, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі:

- Жарылғапберді атамыздың әндері, енді ол кісінің «Ардақ», «Топайкөк» секілді биік, кең диапазонды әндерін орындау оңайға соқпады. Оның әндерін екінің бірі орындай бермейді. Өте қуаныштымын, алдағы уақытта Жарылғапберді атамыздың әндерін дәріптеп, сахнада жиі орындап жүруге өзіміз атсалысып, тырысамыз деген ойдамын. 

Ұрпақтары Жарылғапберді Жұмабайұлы атындағы дәстүрлі әншілер байқауы жыл сайын өтіп, оның есімі мектепке берілсе деп ұсыныс тастады. 

Құдайберген Тәжмамбетов, Жарылғапбердінің шөбересі:

- Жарылғапбердінің шөбересі боламын рулап санасақ. Мақсат бабамыздың өлеңдерін насихаттау. 2012 жылы 7 қыркүйек күні басын көтергеміз осы Баянауылдың елі болып. Біраз содан кейін кідірдік. Сол еңбектеніп мына Майқайың мектебіне есімін беру мақсат, екіншіден, өлеңдерін насихаттап ел арасында өлендерін тарату.

Ал облыс орталығында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновке арналған ескерткіш тақта ашылды. Ол атақты режиссер ширек ғасырға жуық еңбек еткен Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры ғимаратының қабырғасына ілінді.

Бейбіт Шәнім, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының артисі:

- Әлемдік драматургия Шекспирдің Король Лирін алды. Енді ол мезгілде жаңағы жастар, жас актерлар аздап сахнада ойнап жүргені болмаса әлі классикаға көп барып көрмеген адамдар, содан жаңағы қорықпай жастарға сенім артып, үлкен оперетта, опералар «Қыз Жібек» операсын қойды. Имре Кальманның «Сильвасын» қойды, Штраустың «Жарқанатын» қойды.

Ертіс өңірі атақты режиссерді ұлықтауды жалғастыра бермек. Өйткені Ерсайын Тәпенов Павлодарда қазақ театрының негізін қалады. Театрдың тұңғыш режиссері қызметін атқарды. 

Талжібек Атамбек, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының артисі:

- Ол кісінің бұл театрға, Кереку жеріне сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл тақтамен ғана шектелуге болмайды. Болашақта мен ойлаймын ол кісіге арналған үлкен бір фестивальдар жасауға болады осы біздің Кереку жерінде. 

Естеріңізге сала кетсек, қазақ театры 1991 жылы шымылдығын Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасымен ашқан. Одан кейін режиссер әлемдік деңгейдегі классиктердің туындыларын сахналады. Коронавирустан көз жұмған Ерсайын Қандержанұлы өзі құрған театрдың 30 жылдық мерейтойын көре алмады. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков