Шымкентте қуыршақтар шеруі өтті

Шымкенттің Арбат алаңында қуыршақтар шеруі өтті. Көшті ұлы тұлғалардың кейпіндегі алып қуыршақтар бастады. Түрлі ертегі кейіпкерлері де осында.

Бүлдіршіндердің бал-бұл жанған көзі мен қуаныштан мәре-сәре болған күйін ауқымды шарада бірден байқауға болады. Ертегі кейіпкерлері мен мультфильмнің басты актерлері де осында. Барлығы бірге флешмоб билеп, балалардың көңілін аулады.

Мұнда шымшаһардың жасы мен егде тартқан қартынан да қуаныштың күйін сезінуге болады. Интеллектуалды ойындар мен түрлі тәттілер үлестірілді. Үздік оқушылар мен қуыршақтар театрының тұрақты көрерменіне сертификаттар табыс етілді.

Тағай Қайыпберді, қала тұрғыны:

- Театрға жолдама ұтып алдым. Бір жыл тегін барамыз. Демалыста келіп тұрамыз. Ертегілерде мысық, тышқан, бауырсақ көрсетеді.

Іс-шараның басты көрсетілімі «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» болды. Мұнда алып қуыршақтың үлгісінде жасалған Әл-Фараби, Абай, Ыбырай, М.Әуезов пен Шоқандай тау тұлғаларды көруге болады. Қазақ әдебиеті пен ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ойшылдарды биіктігі 3 метрге шақталған қуыршақ бейнесіне келтірген.

Самат Алтай, қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры:

- Біздің театрымызда 150 спектакль болса репертуарда содан 520-ға жуық қуыршақ бар. Олардың барлығы сақталып тұр. Олардың барлығын халыққа көрсету мақсатында осы жерге алып келіп отырмыз. Жүргіншілер мен біздің қонақтарымызға қаланың тұрғындарына кез келген қуыршақтың сырын, қуыршақтың құпиясын ашуға ол кісілер біздің театрымыздың қойылымдағы бүкіл байлығымызды өз көзімен көре алады. 

Тарихи тұлғалардың келбетіндегі қуыршақты алып жүру үш бірдей қызметкерге сеніп тапсырылған.

Олардың айтуынша, патриотизмге бағытталған бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Түрлі іс-шараға шақырту көп. Қызықтап қол алысатындар мен естелікке суретке түсушілердің де қатары қалың. 

Шынболат Бейсенов, театр қызметкері:

- Ұлы тұлғалардың алып қуыршақтары біздің қала тұрғындарына қызық болып жатыр. Қолдарын ұстап жатыр. Шынымен де түрлері ұқсайды екен, киімдері ұқсайды екен деп. Бұл енді біздің театрымыздың жетістігі деп айтсақ болады.

Шымкенттіктер қолөнер шеберлерінің еңбектерімен танысып, қуыршақты құрастыру технологиясын да үйренді. Кейіпкерді дыбыстау, образын ашу қимылдарын меңгеруге мүмкіндік алды. 

Андрей Трояновский, қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

- 1983 жылдан бері бір де бір қуыршақ әлі күнге дейін есептен шығарылмады. Қуыршақтарымыздың саны өте көп. Әр жылы репертуарымызға жаңадан алты қуыршақ қойылымын қосып отырамыз. Бүгінгі шеруде осының бәрін таныстырып, қалай жұмыс жүргізетінімізді көрсетудеміз.

Карантиндік шектеулердің салдарынан көрерменнен біраз уақыт қол үзіп қалған қызметкерлер осылайша халықтың алдына өздері келуді ұйғарды. Ашық аспан астында тұрғындардың көп жиналатын аумағында өз өнерлерін көрсетіп, театрға саяхаттаудың жаңа мүмкіндігін сыйлады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов