Германияда Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Германия Федеративтік Республикасының астанасы Берлин қаласында, еліміздің ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті.

Ақынның өмірбаяны мен ұлағатты сөздері жазылған мүсін еліміздің Германиядағы елшілігі аумағына қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына неміс саясаткерлері мен кәсіпкерлері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Шараға еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы келді. Ақынға ескерткішті Германияда көп жылдан бері тұрып келе жатқан танымал суретші Болат Мекебаев соқты. Ашылу рәсімінде «Шабыт» ансамблі өнер көрсетіп, Германия астанасында ұлы даланың сазды әуені шырқалды. Абай шығармалары қойылды.   

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың бір белгісі. Абай шынымен де елдерді біріктіретін алтын көпірге айналды. Германия үкіметіне халқымыздың ұлы ақынына ескерткіш орнатуға қолдау білдіргені үшін алғысымды білдіремін. Біздің халық үшін бұл үлкен мереке. 

Анке Конрад, ГФР СІМ Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы:

– Германияда Абайдың ескерткіші орнатылғанына өте қуаныштымын. Бұл қазақтың ұлы ақынына жасалған үлкен құрмет. Жоба екі ел арасындағы тығыз мәдени қатынасымыздың маңызды бір кірпіші деп санаймын. Қазақстан халқын тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Келесі жылы елдеріміз дипломатиялық қатынастың 30 жылдығын атап өтеді.