Харьков қаласында Ұлы Абайға арналған ескерткіш орнатылды

Украинаның Харьков қаласында еліміздің ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті. 

Ескерткіш қаланың «Ойшылдар аллеясы» деп аталатын көрнекті алаңында триптих түрінде бой көтерді. Авторы – Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбанов. Ол туындыны «Өмір ағашы» деп атапты. Триптих Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковорода мен әзербайжандық ағартушы әрі философ Мырза Фатали Ахундовты бейнелейді.

Ескерткіштің жалпы биіктігі 4 метрді құрайды, аллеяның ауданы – 2543 шаршы метр.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған еліміздің Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев қала басшылығына игі бастама үшін зор алғысын білдірді.

«Мұндай мәдени шара – бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты бекемдеп, достықты арттыра түседі»,– деді елші.