Оралда мүмкіндігі шектеулі жандардың өнер фестивалі өтіп жатыр

Дәстүрге айналған мазмұнды шара биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық кезеңде 60 өнерпаз көркемсөз оқу, қолөнер, ән және музыкалық аспапта ойнау аталымдары бойынша бақ сынады. Фестиваль арқылы кембағал жандардың шығармашылық қабілетін шыңдау көзделген. Облыста қазір 25 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 3 мыңға жуығы – балалар.

Меңдігерей Мұқанов, фестивальге қатысушы:

- Осы өнер саласын көркейтіп, кейінгілерге үлгі көрсетіп, ақындық өнерімді жариялағым келеді. Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Көңіліміз марқайып қалады жыл сайын.

Жұмажан Қожанов, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы:

– Бұрын көрмемізде болған адамдардың ішінде кәсіпкерлікпен айналысып кеткен адамдар бар. Жоғары оқу орындарына түсіп, білімін осы салада әнге, күйге бағыттаған адамдар бар. Бүгін ардагерлер де қатысып отыр. Өздерінің ойларын бөлісіп, айта алады.