Нұр-Сұлтанда «ТеатрALL» фестивалі шымылдығын түрді

«Театрал» халықаралық фестивалі басталды. Елордада бір апта бойы театрсүйер қауым түрлі жанрдағы қойылымдарды тамашалайды. Карантиндегі үзілістен кейін сүйікті актерларымен қайта қауышады.

Театр – мөлдір әлем. Оның айналасына жиналған жандардың да болмысы бөлек. Сондықтан болар көрерменді тез баурап алады. Ал Елордадағы алғашқы «Театрал» фестивалі саф өнерді сағынған көпшілікке мереке болары анық. Қызыл кілем, көтеріңкі көңіл-күй, шоқтығы биік қойылымдар. Фестиваль шымылдығы осылай түрілді.

«Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына жарты ғасыр болды. Туынды көрерменін жоғалтпайды. Бірақ ондағы актерлер қатары сиреп жатыр. Астана Опера театрының әртістері олардың құрметіне Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қойды. Өнердің төресі көрермен көңілін серпілтті. Бұл сәтте Астана Балет театры ресейлік меймандарды қарсы алып жатты. Олар да құр қол келмеген. 

Елена Мироненко, Кіші Бронная атындағы Мәскеу драма театрының директоры /Ресей/:

- Біз бұл фестивальге халықтың ықыласына бөленген қойылымды алып келдік. Биылғы премьералардың бірі драматург Саша Борисованың шығармасы. Ол кеңестік триллер ретінде қабылданды. Әрбір көрермен бұл қойылымды көргенде балалық шаққа саяхат жасайды. Кейіпкерлері өте көңілді. Басты рольді Ольга Лапшина сомдайды. Ол Брежневті сәтті ойнап шықты. 

Халықаралық театр фестивалі бірінші қарашаға дейін жалғасады. Көрермен назарына 30 қойылым ұсынылмақ. Шеберлік сабақтары мен көрме де дайындалған. Көрермен ықыласына бөленген өнер ұжымдары мен артистер марапатталады. 

Асхат Маемеров, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Менің ұғымымда бұл жүлделер өз кезегінде біздің сахнагерлерге, біздің театр мамандарына импульс сыйлайды. Фестивальдің қорытындысында жаңа есімдерге арнайы марапаттау сыйлықтары табыс етіледі. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Біздің өмірімізде де комедия, драма, трагедия бар. Міне, сол өмірде бізді сергітетін, селт еткізетін рухани орда осы театр. Жылайсың, күлесің, актерлар сомдайтын өзіңмен сырласасың. Міне нағыз, шынайы театрдың сыры осында.

Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы