ТеатрALL: ковид туралы қойылым көрерменді күрсінтті

Коронавирус режиссер көзімен. Әлемді қуырған індеттің сахналық көрінісі. «ТеатрALL» фестивалінде көрерменді күрсіндірген бір қойылым осы.

Жалпы бұл өнер мерекесі де аяқталды. Дегенмен, апталық аясында ұсынылған қойылымдар сәрсенбіге дейін жалғасады. Ал «Ковид-19» сахналық қойылымына кәсіби сарапшылар қандай баға берді?

13 кейіпкер. 13 түрлі тағдыр. Үнсіз қойылымның тек бірнеше жерінде кейіпкерлерге тіл бітеді. Өзгесін би қимылдары баяндайды. Сахна бірде қараңғы тұңғиыққа батса, бірде жарық сәулесі көз шағылыстырады. Спектакльді қоюшы-режиссер Әнел Мырзағұлова осы тұста залдағы көрерменнің қас-қабағын бағып, қойылымның қалай әсер еткенін тануға тырысады. Өйткені індет тақырыбы әркімге ауыр тиетіні анық. Бүгін тоғызыншы рет қойылған спектакль кезінде айрықша толқыды. Өйткені театртанушы бүгін кәсіби бағасын беру үшін арнайы келген.

Айзат Қадырәлиева, театртанушы:

- Маған ұнады. Ұнаған кезде спекталкьдің басы, ортасы, аяғы бар. Біз басында ковид-19 басталған кезде сенбедік. Қалай болады? Бұл өтірік. Бұл политика дедік. Одан кейін адамдар ауырғаннан кейін барып, көзіміз жетті соған. Одан кейін үйге тығыла бастадық, сақтық шараларын қолдану керек дедік. Үйде отыру барысында біз уже түсіндік. Адамның қадірін, денсаулықтың қадірін. Соны ойлай келіп, біз екінші этапқа көштік, үйде отыра алмадық.  

Театртанушы Айзат Қадырәлиева тек хореография тұрғысынан кей ойды көрерменге жеткізу қиын екенін ескертіп, бидің тілін көпшілік түсінетіндей етсе деген тілегін білдірді. «Астана мюзик» театрының артисі Ақжол Өмірзақов би мен әуен, әуен және актерлардың өнерін өзара ұштастыру оңайға түспегенін айтады.    

Ақжол Өмірзақов, «Астана мюзик» театрының  артисі:

– Барлығы эксперименталды болды басында. Қалай болатынын өзіміз де білген жоқпыз, не істейтінімізді. Бірақ ковид қанша дегенмен оңай болған жоқ қой барлығына. Соның барлығын сезіне отырып, біз өзіміз де ауырдық. Әрқайсымыз ауырып шықтық. Соны сезіне отырып осы спектакльді жасап шықтық деп ойлаймын. 

Шығармашылық ұжым «Ковид-19» қойылымын жасау кезінде қызу пікірталас болғанын жасырмады. Өйткені індеттің беті әлі қайтпаған тұста өзекті тақырыптың үстінен дөп түсіп, мазмұнын тілсіз жеткізу қиын. «ТеатрALL» фестивалінде марапатқа ие болатыны, болмайтыны әлі белгісіз. Бірақ 50 минуттық туынды көрерменнің жүрегінен өз орнын тапқаны айдан анық. 

Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев