Aqiqat журналына 100 жыл толды

Aqiqat алғаш рет 1921 жылы 15 қыркүйекте «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда жарық көрген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейін аты сан мәрте ауысқанымен қоғамдық-саяси журналдың бағыты өзгерген жоқ. Өзінің тарихында «Қызыл Қазақстан», «Қазақстан большевигі», «Ауыл коммунисі», «Коммунист» деген атпен шығып отырды. 1990 жылдан бастап сол кездегі бас редактор Камал Смайыловтың бастамасымен Aqiqat деген жаңа атаумен жарық көре бастады. Қазір байырғы басылым еліміздегі ірі медиахолдинг «Қазақ газеттері» құрамына кіреді.

Дәуіржан Төлебаев, Aqiqat журналының бас редакторы:

– Aqiqat журналы қазір заманға сай мәселелерді көтеріп, жаңғыртып жатыр. Aqiqat авторлары елімізге белгілі профессор-доктор, академиктер Ғарифолла Есім, Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелді, Дандай Ысқақұлы ағаларымыз өздерінің мақалаларын жариялап тұрады. Одан кейін жастар бар. Оларға да біз мүмкіндік жасап отырамыз.

Журналға Абдолла Асылбековтен бастап, әр жылдары Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов сияқты қазақ зиялылары жетекшілік етті. Басылым бетінде Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сияқты ақын-жазушылардың шығармалары тұңғыш рет жарық көрген. Журналдың «Қызыл Қазақстаннан» Aqiqat-қа дейінгі жүріп-өткен жолы ұлтымыздың бір ғасырға жуық тарихынан сыр шертеді.

Дина Иманбаева, Aqiqat журналы бас редакторының орынбасары:

– Сол кезде көтерілген тақырыптар 20 жылдардағы, 30-жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыбы алғаш рет осы журналда көтерілді. Сталинге хат, Бесеудің хаты сияқты хаттар архивтен алынып, Aqiqat журналында жарияланды.

Оның әрбір айдары талдамалық мақалалар, ғылыми сараптамалар құнды деректерден тұрады. Негізінен тарих, ұлттық мүдде, қазақ қоғамының дамуы, дін мен діл, ұлттық болмысы сияқты тақырыптар қозғалады. Сонымен қатар экономикаға да қатысты өзекті мәселелер қамтылып келеді.

Дәуіржан Төлебаев, Aqiqat журналының бас редакторы:

– Біз бір ғана тақырыппен шектеліп қалған жоқпыз. Руханият, экономика, одан кейін қоғамның, саясаттың мәселелері, халықаралық жағдай, әлемдік мәселелер, ауыл шаруашылығы, өндіріс, технология, енді Aqiqat-тың бір санында сан саланы қамтыған материалдар жарық көріп тұрады.

Қазір Aqiqat айына бір рет шығады. Таралымы – 3 мың дана. Қалың көпшілік журналда жарияланған мақаланы интернет-порталдан да оқи алады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов