Театр ALL фестивалі мәресіне жетті

Театр сыншылары 12 өнер ұжымы ұсынған 30-ға жуық қойылымды тамашалап, түрлі аталым бойынша үздіктерді анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастар театрының жанынан ашылған «Қанаттылар» театры аттас туындысымен «Театрал» фестиваліне қатысып, көптің жүрегінен орын алды. Көрерменнің ықыласы шексіз. Себебі төрт құбыласы тең бола тұрып, өмірін бағаламайтындар көп. Ал ерекше актерлер бірегей қойылымы арқылы сол жандарға ой салады. Қанат бітіреді.

Әділ Ахметов, Жастар театрының директоры:

– Бұл – Қазақстанда тұңғыш рет ашылған осындай театр. Өйткені бізге БҰҰ қызметкерлері хабарласып, қонақ болып келді. Олардың айтуынша, бұл Орта Азиядағы тұңғыш театр екен. Спектакльден ерекше әсер аласыз. Өйткені арбаға таңылған жандар бар. Зағип жандар, құлағы естімейтін жандар бар. Осы ерекше жандардың барлығы бір сахнада өнер көрсетеді.

Жастар театры фестивальге үш қойылым ұсынған. «Асауға тұсау» үздіктердің үздігі атанды. Елордадағы алғашқы халықаралық театр апталығында кіл мықтылар құрметке бөленді. Оларға гүл, диплом және арнайы мүсін табысталды.

Ажар Шәкіржанова, Мемлекеттік Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының актрисасы:

– Біз Уильям Шекспирдің «Ромео-Джулиетта» қойылымын қойдық.  Джульеттаның анасы Леди Кабулеттаны ойнадым. Бұл басты роль емес, шағын рөл болса да, қазылар алқасының көзіне түсіп, осындай жүлдеге ие болып отырмын.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Биыл біз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін тойлап жатырмыз. Жалпы республикалық жоспарға сәйкес мыңнан астам әртүрлі мәдениет, спорттық, әлеуметтік іс-шара да өткізіледі. Соның ішінде осы «Театрал» фестивалі ерекше деп айтуға болады. 

Театр әлеміне енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан актерлер да назардан тыс қалмаған. Жалпы фестивальге 12 отандық және екі ресейлік театр қатысты. Әрқайсысы мәні мен сәні тоғысқан қойылымдарын алып келген. Бастысы, театр мерекесі көрермен көңілінен шықты. 

Театр фестивалі бүгін аяқталды. Бірақ өміршең болатын сияқты. Тіпті келесі жылы оның ауқымы одан сайын кеңейе түспек. Оған театрсүйер қауымның ықыласы мен ілтипаты дәлел.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков.