Оңтүстік Кореяда Қазақстан суретшілерінің көрмесі таныстырылды

Қазақстан суретшілерінің туындыларын Оңтүстік Кореядағы көрмелерде тамашалауға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Авторлар пандемияға байланысты шетелге бара алмаса да, өз шығармаларын жіберді. Сеулдің серіктес қаласы – Соннам тұрғындары алғаш рет Қазақстан суретшілерінің туындыларын тамашалады. Оныншы көрмеге Виктор Мун мен Евгений Ким «Революция», «Бабалар», «Ұлпан» және «Даладағы қоңыз» атты төрт жұмысын жіберіпті.

Шин Ми Сон, Соннам өнер фестивалінің төрайымы:

– Біз үшін әйгілі суретшілер Виктор Мун және Евгений Киммен танысу үлкен мәртебе. Картиналар өте әсерлі. Оларға қарап тереңдік пен шындықты сезінуге болады. Сонымен қатар екі елдің дәстүрлері ұқсас. Соннамның танымал әртістері Қазақстанға барып, мәдени қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуды жолға қойғаны жөн болар еді.

Пэ Джон Юн, көрме ұйымдастырушы:

– Қазақ елінің мәдениеті терең және жан-жақты. Сондықтан корейлерді қазақстандық суретшілердің шығармашылығымен таныстыруға мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Олардың суреттері шынайы және эмоцияны жақсы жеткізді.

Ал Инсадонг шығармашылық көшесінде өткен Орталық Азия суретшілерінің көрмесі «Құлыпталған уақыт» деп аталды. Келушілер назарына карантин кезінде жасалған жұмыстар ұсынылды. Маржан Бақытбекова өз туындыларын «Ковид» және «Текетірес» деп атаған. Маруа Байтұрсынованың лентадан жасалған «Бүркітші» композициясы келушілерді тәнтті етті.

Сон Дже Хо, көрме ұйымдастырушы:

– Негізі Корея мен Қазақстанның ұқсас тұстары көп. Қазақ суретшілерінің 5 түстен тұратын түс схемасы Кореяда бұрын өте танымал болды.

Суретші Лим Джон Ок Корея азаматы, бірақ 26 жылдан бері Алматыда тұрады.

Лим Джон Ок, суретші:

– Қазақстанда көкнәр көп. Мен өз болашағымды елестетіп, 10-20 жылдан кейін қартаятынымды көрдім. Суреттің мазмұны - қартаю да жаман емес.

Кореяда карантин шектеулері жеңілдегеннен кейін көрмелер өз жұмысын жалғастырды. Дегенмен дене қызуы бар келушілерге кіруге тыйым салынады. Барлық қонақтар тіркелуі және бетперде тағуы тиіс. Корей суретшілері әлемде эпидемиологиялық жағдай қалпына келеді деп үміттенеді және өз туындыларын Қазақстанда апаруды армандайды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян