430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Атырау облысында коллекционер қарт үйінен музей ашты

  • 72
  • UPD: 08:43, 07.11.2021

Жапырақты ауылында тұратын 70 жастағы коллекционер өз үйінен ретро-музей ашқан. Бүгінде бұл орта келушілерді өткен дәуірмен байланыстыратын ғажайып орынға айналыпты. Зейнеткердің жеке қорындағы 150-ден астам жәдігердің көбі ретро стильдегі бұйымдар.

Ғалымжан қария көргеннің көз жауын алатын бұл ғажайып дүниелерді жас кезінен жинай бастапты. Уақыт өте хоббиі шағын музейдің ашылуына түрткі болған. Қордағы жәдігерлердің ішіндегі ең аяулысы әрі музейге алғаш қойылғаны анасының ұршығы екен.

Ғалымжан Мұқашев, коллекционер:

- Анамның көзі деп сақтап, ұрпақ бар, ұрпаққа мұра болсын, өнеге болып қалсын, немерелер бар өсіп келе жатқан. Соларға бір қалдырған мұра болсын деген ниетте. Басқа ой жоқ. Мына жерде ескі радиолар бар. 150-ге жуық жәдігер бар ескі. 

Ғалымжан Мұқашевтің негізігі мамандығы есепші. Бірақ мұндай ескі-құсқы дүниелерді жинаудан жалықпайтынын айтады. Біз музейге барған уақытта келушілер болмады. Бірақ коллекционердің айтуынша, өткенге саяхат жасап, естеліктерін еске алғысы келетін қарттардың қарасы көп екен. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Ғалымжан ағамыздың ретро-музейіндегі ең қызықты деген жәдігердің бірі осы патефон. 50-жылдары шыққан бұл құрылғы қанша уақыт өтсе де әлі күнге дейін мінсіз жұмыс істеп тұр.

Мұнда теледидар мен радиоқабылдағыштың, сағат пен музыкалық аспаптың бірнеше түрі бар. Ескі фотоаппараттарды да кездестіруге болады. Көршісі тапсырған диірменнің өзі 2 ғасырдың куәсі. Төл теңгенің алғашқы нұсқаларын да тамашалай аласыз. Бәрі қаз қалпында сақталған.

Ғалымжан Мұқашев, коллекционер:

- Соңғы келген бұйымдардың ішінде ауданымызға белгілі фотограф болды Есетов Тілекқабыл деген ағамыз. Қасында Сүйінішов Марат деген жолдас жігіт болды. Солардың кезінде фотоға түсіріп, фото шығарған заттары. Өткенде уақыт өткеннен кейін мұражайға балалары тапсырды. 

Ауылдағы коллекционер қария енді музейін кеңейтіп, жәдігер санын көбейтуді жоспарлап отыр. Оған қоса көзінің қарашығындай болған бұйымдарды халыққа кеңінен таныстырғысы келеді.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы