Павлодарлықтар мысыққа мурал арнады

Бұл қабырғаға салынған жәй ғана сурет емес, далада қалған ит пен мысықтардың аянышты өмірін суреттеген стрит-арт. Қоғам белсенділері осы арқылы көпшілікті мейірімді болуға үндейді.

Мысықтың суреті қабырғаға әлеуметтік жоба аясында салынды. Муралға негіз болған кейіпкер ойдан құрастырылмапты. Ол қатты аяздарда құтқарылған үй жануары. Зооволонтерлер мысыққа «Пират» деп ат қойған. Олар пират арқылы панасыз қалған үй жануарларының өміріне қоғам назарын аудартпақ. 

Надежда Гордова, «Добрые руки» ҚБ жетекшісі:

- Оның бір көзі зақымданған. Ол енді қайтып қалпына келмейді. Біз суретте екі көзін екі түрлі етіп көрсеттік. Көгілдір көз оның зақымданған көзі. Мысықтың денесінде көптеген тыртық бар. Құлағы да жарқаттанған. Пираттың өмірі қорлықпен өткен сияқты.

Бастапқыда клиникада өмір сүрген Пират енді жаңа иелерін күтуде. Қабырғадағы суретте волонтерлердің байланыс телефондары көрсетілген. Ал мынау зардап шеккен үй жануарларын оңалту орталығы. Бүгінгі таңда 120 ит пен мысықтың тұрақты мекеніне айналған.

Марина Гребенкина, «Сердца Павлодара» ҚБ жетекшісі:

- Анютка бізге кішкентай күшік кезінде келді. Оны пойыз басып кеткен. Алдыңғы екі аяғының саусақтары қиылып қалыпты. Ұзақ уақыт емдедік. Операция жасалды. Бейнет көргеніне қарай аман қалды. Енді оның өміріне қауіп жоқ

Бұл оңалту орталығы жараланған ит пен мысықтарды қабылдайды. Өткен айда қалалық әкімдік бір миллион теңге бөліпті. Қаржыға оңалту орталығы ветеринарларын оқытып, тұрғындар үшін үй жануарларын стерильдейтін пункт ашқан.

Марина Гребенкина, «Сердца Павлодара» ҚБ жетекшісі:

- Біздің клиниканың ветеринарлары Бриджит Бордо қоры арқылы оқытылды. Олар стерильдеудің еуропалық тәсілін үйреніп келді. Бұл жылдам жасалатын жарақаты аз қауіпсіз процедура.

Панасыз ит пен мысықтардың санын азайтудың бірден бір жолы стерильдеу. Кейбір деректерге сүйенсек, еліміз бойынша үй жануарларының саны 5 миллионнан асады. Жақын күндері Павлодарда тағы бірнеше мурал пайда болады. Жоба авторлары оны жеті қазынаның бірі - итке арнаймыз деп отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат