«Жамбылдың қызыл жолбарысы» драмасы сахналанды

Талдықорғанда Бикен Римова атындағы драма театрында белгілі ақын, драматург Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты жаңа драмасы сахналанды.

Қойылым көрерменге жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы мен Жамбыл облысының Алматы облысындағы мәдени күндері аясында ұсынылды. Бұл драманың оқиғасы жыр дүлділінің дүниеге келуінен басталады. Бұрым қызға ғашық болуы, Сүйінбайдың батасын алып, сал-серілік, ақындық, жыраулық жолға түсуі тамаша көрініс тапқан. Қойылым барысында қолданылған Жамбыл мен Айкүміс айтысының үзіндісі, албанның адуынды ақыны Құлмамбетпен айтысы да көрерменге өте әсерлі болды.

Айта кетейік, қойылымды сахналаған Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ұжымы.

Анар Сағымбекова, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Өте сәтті өтті. Осындай бір жырға толы, әнге толы, көңілге толы, одан кейін өзі белгілі тұлғаның өмірбаяны туралы, осы жырға қалай келгені, домбыраны қалай құметтегені, қалай сол домбыраны ұлықтағаны арқылы халық соны көріп, жақсы қабылдады.

Есболат Айдабосын, жазушы:

- Жамбыл атамыз да Алматы облысы мен Жамбыл облысына ортақ тұлға. Өйткені «Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде туды» деп айтамыз. Одан кейін Жамбыл облысына аты беріліп отыр Жамбыл атамыздың. Сондықтан да бұл мерейтойға бұл облыс атсалыспай қалса дұрыс болмас еді. Талдықорған жерінде мәдени күндер жасап жатқаны, мына өнер, мәдениеттің жәрмеңкесін жасап жатқаны – ол құптарлық қадам.