434,46 493.30 5,91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан мен Түркия кино индустриясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

  • 129
  • UPD: 23:53, 11.11.2021
Қазақстан мен Түркия кино индустриясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

Екі ел мамандары бірлесіп бірқатар тарихи сериал түсіруді жоспарлап отыр. Мұндай шешім «Қорқыт ата түркі әлемі» кинофестивалінде қабылданды. Ыстамбұлда алғаш рет өткізіліп отырған шарада бірнеше қазақстандық кинотуынды көрермен назарына ұсынылды.

Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы: Алтын тақ» атты тарихи туындысы Ыстамбұлда өтіп жатқан фестивальдің бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Бұл фильм мұндай ауқымды шара аясында алғаш рет көрсетілді.

Рүстем Әбдірашев кинорежиссёр:

- Алтын тақ бұл Қазақ хандығы туралы түсірілген екінші фильм. Біз оны фестивальде алғаш рет көрсетіп жатырмыз. Менің ойымша, келешекте бұл киномен тағы бірқатар байқауға қатысамыз. Отандық кино индустриясын қолдау қажет.

Аталмыш шара өте жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Оған түрлі мемлекеттің танымал актерлері, режиссерлары мен продюсерлері жиналды. 

Берік Айтжанов, актер:

- Әрине біз осындай кинофестивальдерді сағындық. Қазір осында әріптестерімізді көріп бір қуанып қалдық. Мұндай жиындардың арқасында біз жаңа жобаларға қатысуға мүмкіндік аламыз. 

Алдағы уақытта қазақстандық және түркиялық продюсерлер бірлесіп, Алып Арслан және Қорқыт ата тарихи сериалдарын түсірмекші. Кейін бұл картиналар әлемнің бірқатар елінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Оған Түркия елінің кино туралы заңына енгізілген өзгерістер зор ықпалын тигізді. 

Дариға Ташенова, Динара Абдирова, Асель Орынтаева

Хабар 24 телеарнасы