Ағайынды Бейсеқожалар Германияда жеке концерт берді

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында ағайынды жігіттердің жеке концерті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрәлі мен Ғаламаттың өнерін тамашалауға дипломатиялық корпус өкілдері, неміс бизнесмендері, мәдениет қайраткерлері, сонымен қатар Германиядағы қазақтар келді. Шығармашылық кештің шымылдығын Қазақстанның ең жас композиторы Нұрәлі ашты. Кейін кеш қонақтары Ғаламаттың орындауында қазақ күйлерін тыңдады. Бұдан бөлек, ағайындылар классика мен фольклорды бір арнаға тоғыстырып өнер көрсетті. «Ұлы дала музыкасы» атты бұл концерт ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Вольфганг Давид, археологиялық музей директоры:

– Керемет! Екі музыкант та өте шебер. Классикалық пианино мен дәстүрлі қазақ аспабын біріктіргені тамаша болды.

Нұрәлі Бейсеқожа, композитор, пианист:

– Концерт керемет өтті. Франкфуртта шабыт келіп, бір шығарма жазып шықтым. Ол «Бақытқа апарар жол» деп аталады.

Ғаламат Бейсеқожа, композитор, күйші:

– Осындай көрерменнің болғанына өте қуаныштымыз. Шетелде, Еуропа сахнасында, көбірек өнер көрсетсек дейміз. Осылайша жер-жерді өз музыкамызбен бағындырғымыз келеді.