Әмре Азиядағы фестивальге «Өмір – теңіз» атты жаңа әнімен шықты

Бұл жоба «Хабар» агенттігі мүше болған Азия-Тынық мұхиты хабар тарату Кеңесінің Бас Ассамблеясы аясында бүгін онлайн-форматта өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық байқауға 12 елдің өкілі қатысты. Әмре ABU TV Song Festival-інде «Өмір – теңіз» атты туындысын көрермендерге паш етті. Жаңа бейнебаян әлемге аты шыққан Шарын шатқалында түсірілген. Сондай-ақ «Хабар» агенттігінің бастамасымен Әміренің жаңа «Өмір – теңіз» әні Еуропалық хабар тарату одағы, еуропалық музыкалық ән жинағының бесінші шығарылымына енетін болды. Жоба аясында қатысушылар еуропалық танымал әншілермен бірлесіп, ортақ әлеуметтік тақырыптағы музыкалық жинақ шығарады.

Айта кетерлігі, «Әмре» деген лақап атымен танымал болған әнші Ернар Садырбаев «Славян базары» байқауының жеңімпазы атанған.

Еске салайық, 2019 жылы Жапонияда өткен халықаралық фестивальде Димаш Құдайберген қатысып, өз өнерімен көпшілікті тамсандырды.

Ғалымжан Баязитов, режиссер:

– «Өмір – теңіз» әнінің өзінің айтар ойына, терең ой, философиялық ой жағынан беруге Шарын шатқалын алдық. Ол жерге құдықтар қаздық. Әншінің қиналып барып, сол құдықтан шыққанын, өмірде неше түрлі қиыншылықтар бар, бірақ жақсылықтар да көп. Сол жақсылыққа жетеміз, бәріміз біргеміз деген ойды жеткізу үшін философиялық тұрғыда бейнебаян түсірілді.