Отандық «Тойхана» комедиясы көрермен назарына ұсынылды

Отандық кино қоры «Тойхана» комедиясымен толықты.

Бас продюсер Құралай Анарбекованың жаңа картинасының алғашқы көрсетілімі Алматыдағы Kinopark 11 Imax Esentai кинотеатрында көрермен назарына ұсынылды. Белгілі өнер жұлдыздары түскен фильм ұтымды сюжетімен ерекше.

Фильмнің сюжеті бойынша, үкімет қазақстандық әншілерге тойда ән айтуға тыйым салады. Себебі шығармашылық өкілдері табыс салығын төлемейді. Алайда ән айтпаған әнші – әнші ма? Жасырын түрде тойда халықтың қошеметіне бөленіп жүреді. Тәртіп бұзушыларды қылмыс үстінде қолға түсіру үшін құқыққорғаушылар қолдан той ұйымдастырады.

Құралай Анарбекова, «Тойхана» фильмінің бас продюсері:

– Фильм 2019 жылы түсірілді. 2020 жылы презентация жасалу керек еді, премьерасы болу керек еді. Жағдайды өздеріңіз білесіздер. Осы жағдайға байланысты презентация жасаудың сәті екі жылдан кейін бұйырды. 

«Басқа түссе баспақшыл». Ән айтуға тыйым салынған соң Қайрат Нұртас ұстаз болып, ал Ерке Есмахан күйзелістен «әсіре тойшылдарға» арналған емдеу мекемесіне түседі. Бір қызығы, фильм желісі карантин уақытындағы әншілердің өмірін еске салады.

Асылхан Төлепов, актер:

– Бұл фильмнің оқиғасы осы індеттегі оқиғаларға ұқсайды да, ал бірақ бұл фильм оған дейін түсірілген. Ол кезде індеттің иісі де келмеген болатын. Той болмай қалған жағдайда адамдар бір-бірін көрмей қалып жатты, сағынып жатты. Сондықтан бардың қадірін білетін, соны түсіндіре білетін фильм болдыдеп ойлаймын.

Көрермен назарын отандық киноға аударуды мақсат тұтқан «Тойхана» комедиялық фильмін Алматыдағы Kinopark 11 Imax Esentai кинотеатрынан тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...