Иса Байзақовтың даусы жазылған үнтаспа табылды

Жәдігер облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өнер ордасы «Ұлылар үні» жобасы аясында елімізге танымал әдебиет және өнер майталмандарының өмірін зерттеуге кіріскен. Иса Байзақовтың осы күнге дейін жарыққа шықпаған туындысы өте көп екен. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі оның ескі қадыммен жазылған әрі еш жерде жарияланбаған қолжазбасын тапты.

Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

– Біз өзіміздің қорымызда жұмыс істей отырып қазір бұл кісінің ешқайда жарияланбаған Иса Байзақовтың қолжазбасын таптық. Қазір оны аудару үстіндеміз. Ескі қадыммен жазылған екен. Оның ішінде үш шығарма. Соның ішіндегі беріліп отырғаны осы Иса Байзақовтың ішіндегі «Алтын балық» шығармасы бар екен. Қазір соны аударып болғаннан кейін басқа да дүниелермен салыстыра отырып, өзінің шығармасы ма әлде өзінің орындап жүрген шығармаларының бірі ме анықтайтын боламыз.

Бүгінгі таңда көне жазбаларды оқитын маман тапшы. Сондықтан ескі қадыммен жазылған шығармалардың көшірмесі Торайғыров университетінің ғалымдарына берілген. Музей қорындағы барлық қолжазбалар аударылып, келешекте жеке жинақ болып жарық көреді. Ал Иса Байзақовтың дауысы сақталған үнтаспаның табылуы өнерсүйер қауым үшін тың жаңалық әрі Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның 75 жылдық мерейтойына арналған тамаша тарту болды.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының басшысы:

– Әрине бұл енді ұлылардың дауысы. Қазіргі уақытта осы 30 секундтық дыбыстың өзін тазалап, осы қазіргі техникаға сай өңделіп, жасалғанның өзінде осындай деңгейде болып тұр. Өте жақсы сақталып қалған. 30 секундтың өзі бүкіл қазақ елі үшін Исаның қандай болғанын, қандай деңгейде әнші болғанын, актер болғанын, композитор ақын болғанын, ұлы тұлға екенін дәлелдеп береді.

Бұл үнтаспа музей қорына осыдан 15 жыл бұрын өткен екен. Ақынның мұраларын зерттеп жүрген белгілі журналист Ғалия Балтабай тапсырыпты. Әннің толық нұсқасы жоқ болғанымен кейінгі ұрпаққа атақты тұлғаның үні жетіп отыр. Сөз жоқ құнды жәдігерлердің қатарынан ойып тұрып орын алады дейді музей қызметкерлері.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков