Павлодар облысында «Күй керуен» челленджі басталды

Ертіс өңірінің күйшілері қасиетті домбыраны серік еткен шығармашыл жандарды челленджге шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Күй керуені» атты бастама желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында кез келген адам күй тартып, өнерін жұртшылыққа паш ете алады. Басты талап - әлеуметтік желіге жариялау керек. Қазірдің өзінде бұл шараны қолдаушы көбейген. Алғашқылардың қатарында облыстық филармонияның ұжымы бар. Сонымен қатар аудан-қалалардағы мәдениет үйлерінің өнерпаздары да үн қосқан. Осылайша, шағын челлендж жалпыұлттық жобаға айналды. Бұдан бөлек облыстағы 40-тан астам мектепте қазақтың күйі күмбірлемек. Мәдени шараның қорытындысы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні шығарылады.

Алпысбай Хонж, челлендж ұйымдастырушы:

- Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра. Жалпы қазақтың өмірімен, қазақтың тағдырымен біте қайнасқан бұл домбыра. Домбыраның қоңыр үні әрбір адамға, әр қазаққа жағымды деп ойлаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз - қазақтың даласы домбыраның үніменен ән салып тұрса, әрбір қазақтың баласы домбыра тартып үйренсе, білсе. Сол арқылы жастардың бойына отансүйгіштікті дарыту.