Археологтар: Солтүстік Қазақстаннан табылған жәдігер Алтын Орда дәуірінің естелігі

Солтүстік Қазақстан облысында Алтын Орда дәуіріне жататын «Қызыл оба» археологиялық ескерткіші мұражайға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспары бойынша ел қазынасынан 55 млн. теңге бөлініп, жабық нысан салынды. Енді туристер Орта ғасыр кесенесімен қысы-жазы таныса алады. «Қызыл Оба» қорымы Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының маңынан табылды. Шалғайдағы елді мекенде 30-ақ үй бар. Жергілікті тұрғындар тарихи ескерткіштің орны бұрыннан дөң болатын дейді.

Жұмагелді Нұркешов, Береке ауылының тұрғыны:

– Сол маңайға мал бақтық. Бірақ білген жоқпыз, енді дөң болатын ол жер. «Қызыл Оба» деп айтатын ертеде. 1986 жылы жай келіп, тексеріп кететін. Бірақ бізге ештеңе айтқан жоқ, ол жерде не бар, не жоқ. Тек ертеде естігенбіз, қылыш, күміс сондайлар табылды деп.

Жеті ғасыр бұрын салынған қорым 2019 жылы ашылды. Жер астынан ер адамның, әйел мен 3 баланың сүйегі табылды. Археологтар оларды Жошы ұлысының ұрпақтары деп топшылап отыр. Яки Алтын Орда дәуірі.

Жанат Баймүсенов, тарихи – мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының орынбасары:

– Неге Алтын Орда дәуіріне жатқызамыз? Кесене күйдірілген шаршы кірпіштертен қаланған. Бұл әлем бойынша тек сол хандықтың кезінде қолданылған материал. Оны Алтын Орданың бренді десек те болады. Кірпіштер 750 жыл өтсе де, қатты бұзылмаған.

«Бұл тегін адамдардың мазары емес», – дейді тарихшылар. Тіпті сол замандағы билеушілердің бірі болуы мүмкін деген де болжам бар. Жер астынан тағы да төрт күміс ақша, әшекей бұйымдар мен қыш құмыралардың қалдықтары табылды. Қазір олар тарихи – өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Римма Попович, тарихи - өлкетану мұражайының археология бөлімінің меңгерушісі:

– Айнаның бір жағына мата жабысып қалған, екінші жағына ою-өрнек салынған. Ал арабтың өрме жазуы бар күміс шақалары Өзбек ханның кезінде айналымда болған.

Биыл «Қызыл Оба» қорымында жабық нысан салынды. Бұл ашық аспан астында болған мазарларды қар мен жаңбырдан, шаң, топырақтан сақтайды. Қазба жұмыстарын жүргізетін археологтарды аптап ыстықтан қорғайды. Әрі туристерді тартады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл маңайда Алтын Орда дәуіріне жататын барлығы 7 кесене бар. Тарихшылардың айтуынша, олардың жанында сол замандағы қалашығы секілді тұрақ болуы тиіс. Археологтар оны келер жылы іздеп көрмек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев