Елордада «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі ашылды

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Елбасы елімен бірге» альбомының тұсаукесері және «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің ашылуы болды, деп хабарлайды «Хабар 24»  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шара елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы» жобасының аясында өтті. «Бұл көрмені тәуелсіздік күні қарсаңында ашуымыздың символдық мәні өте зор. Осыдан тура 30 жыл бұрын 1991 жылы желтоқсанда мемлекетіміз егемендігінің негізін қалаған тарихи оқиғалар болды. 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы, 10 желтоқсанда Мемлекет басшысын ресми ұлықтау рәсімі өтсе, 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігі ресми жарияланды», - деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

«Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің негізгі мақсаты – Алматы қаласының архивтік құжаттарын, фотосуреттерді, мұрағаттар мен музейлер жинақтарын және Елбасы кітапханасының экспонаттарын көрсету арқылы қаланың тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы орны мен рөлін көрсету. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсынылған экспозициялар мегаполистің Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жетістіктеріне арналғанын атап өтті.

Көрме «Тәуелсіздіктің бастауы», «Қазақстандық жол: Алматының 30 жылдағы жетістіктері», «Біздің болашағымыз: Алматы – 2050 Стратегиясы» деген үш экспозициядан тұрады.