«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесіне құнды жәдігерлер қойылды

Елбасыға тиесілі Алматы қаласының құрметті азаматы белгісі, археологиялық жәдігерлер, сондай-ақ 2 мыңнан аса тарихи құнды материалдар «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінде қойылды. Бүгін елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы» жобасы аясында көрме ашылды.

Күмбірлеген күй мен қобыздың сарыны, хош иісті алматылық апорттың иісі көрмеге келушілерді бірден баурап алды. Өнер мен мәдениет ошағы саналатын Алматыға расымен де тән қасиет бұл. Кезінде Елбасының өзі Алматыны Тәуелсіздіктің алтын бесігі, республикамыздың жаңа тарихы басталған жер деген еді. 1997 жылға дейін Алматы ел астанасы болды. Бірақ бұл мәртебені жоғалтса да, Елбасының қамқорлығын жоғалтқан жоқ, одан әрі өркендеді, дейді көрмені ашқан қала әкімі.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Осы 30 жылдың ішінде Алматы қаласының халқының саны 1 миллионнан аса өсті. Біз биылғы жылы 2 миллион деп статистика бойынша жарияладық. Ал бүгінгі күнгі өткен санақтың алғашқы өқорытындыларына қарайтын болсақ, 2 миллион 200 мыңнан асты.

Мемлекет басшысы айтқандай, қазір Алматы ел экономикасының басты қозғаушы күші. Мұндағы көрмеде бұған дәлел ретінде мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, сондай-ақ мұражай экспонаттары көрсетілді.

Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музей құндылықтарын сақтау қызметінің басшысы:

- Көрме арқылы біз көпшілікке біздің құнды архивтік және музейлік материалдарымызды көрсеткіміз келеді. Өйткені уақыт өте біздің тарихи санамыздың негізі болатындай осындай құндылықтарымыз, жәдігерлеріміз көпке көрсетуіміз керек.

Болашақта Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстанның қалған өңірлерінің көрмелері ұйымдастырылады. «Қазақстан жолы» жобасы еліміздің барлық аймақтарының дамуын кең көлемде көрсетеді.

Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев