«Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегерлері анықталды

Елордада республикалық жастар форумы өтті.

Биылғы жиын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды. Шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар қатысты. Форум Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаевтың жастарға арналған үндеуінен басталып, қатысушылардың еңбек жолындағы жетістіктерін баяндаумен жалғасты. Форум аясында өз ісінің үздігі атанып, Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген талантты азаматтарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталды. Марапат үздік мұғалім, актер, спортшы, өнер иелері мен техникалық мамандық иелеріне берілді.

Нұрғиса Есіркегенов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ғылым саласы бойынша иегері:

– Екі түрлі саланың басын қосумен айналысамыз. Ол математикалық анализ және теория. Біз осы салада монографиялық оқулық жазып жатырмыз. Бұл оқулықты мен шетелдік ғылыми жетекшім, Англияның және Бельгияның университеттерінің профессоры болып табылатын Майкл Лужанскиймен жазып жатырмын.

Болашақ жастарға криптожолдау жасалды

Сондай-ақ шара аясында еліміздің үздік инженері Тимур Рыспаев болашақ жастарға криптожолдауын көпшілікке ұсынды. Өнертапқыштың уақыт капсуласы 2041 жылы ашылады. Крипто-жолдаудағы ақпаратты білу ішін ІТ-мамандарға оның кілтін табу керек болады. Шағын қондырғыға жүктелген жолдау, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға табысталды.

Тимур Рыспаев, инженер-өнертапқыш:

– Менің соңғы жұмыстарымның бірі – робот-гуманоид. Ол адам сияқты қимыл қозғалыстар жасап, деректерді талдаумен айналысады. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған мидың белсенді сигналдары арқылы басқару жүйесі бар. Осы сынды жобалармен халықаралық жарыстарға қатысқанда мен өзімді ғана емес тұтас Қазақстанның атынан шығып тұрғанымды түсінемін. Сондықтан үздіктер қатарынан көріну маңызды. Мен әр жас маманның жобасы ел дамуына септігін тигізеді деген үміттемін.