Мария Мудряк Қазақстанда жеке концертін береді

Мария Мудряк елге келді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Әйгілі опера әншісі құр қол емес. Жерлестеріне әннен шашу шашпақ. Араға үш жыл салып, үлкен концертін өткізуге бел буған Мария бүгін Астана Опера сахнасында өнер көрсетеді. Осылайша, күміс көмей әнші жерлестеріне деген сағынышын баспақ. Шырқалатын әндердің тақырыбы да туған ел атамекенге арналады. Шығармашылық кешке Марияның әріптестері де атсалысады. Тыңдарман қауым болгар әншісі Владимир Стоянов пен атақты Италия дирижері Альвизе Казеллатидің де өнерін тамашалайды. 

Мария Мудряк, опера әншісі:

- Мені, менің әндерімді елдегі тыңдармандарым асыға күтті. Мен мұны білемін және сол үшін өзімді шексіз бақытты санаймын. Тіпті, билет таба алмай қиналған жандар хат жазып, көмек сұрап жатыр. Әрине, олардың барлығы концертіме келгенін қалар едім.