Маңғыстаудың Бейнеу ауданындағы отбасы зергерлік өнерді дамытуда

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында тұратын Өміровтер отбасы ұлттық зергерлік өнерді дамытуда. Әшекейлерді жаңаша безендіріп, ерекше ою-өрнекпен бедерлейді. Отағасы Өтепқали Өміров екі ұлымен бірге атадан қалған кәсіпті жалғастырып, өз брендін қалыптастырған. Бүгінде тапсырыс облыстан ғана емес, шетелден де түседі екен.

66 жастағы Өтепқали Өміров 30 жылдан бері зергерлікпен айналысады. Темірден түйін түйіп, күмістің бабын тапқан ол 200 мыңдай бұйым жасапты. Кәсібінен несібесін тауып, бүгінде өңірге танылған. Екі ұлын да ата кәсіпке баулып, шағын шеберханада өз қолтаңбасын қалыптастырған. 

Өтепқали Өміров, зергер:

- Осы істе жүргеніме және балаларды үйреткеніме қуанамын. Қаншама шеберхананы жабдықтадым, жан-жақтан тістелеп құрал-жабдық жинадым. Қаншама түндерімді, күндерімді сарп етіп, ата-бабаларымыз істегенін зерттедім. Олар қалай істеді, мен былай істеу керекпін дедім. Тәсілдерімді ойладым. Техниканы басқаша дамытып жатырмыз. Әлем даму үстінде. Бұл жұмыста ерік-жігер, төзімділік керек. 

Өміровтер шағын шеберханада ұлттық нақыштағы бұйымдарды жаңаша жасап шығарады. Сіркелеу, зерлеу әдісі арқылы ою-өрнек салады. Алтын жалату, гравюра, эмаль тәсілін де пайдаланады. Көбіне шеберлерге ұлттық түйме, шашбау, шолпы, сырға, бойтұмар, тұмарша, өңіржиекке тапсырыс түскен. Бір ерекшелігі, әр әшекейді қолмен жасайды. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Зергердің қолынан шыққан бұйымның бірі өңіржиек деп аталады. Қыз-келіншектерге арналған бұл әшекейді жасаудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл 3 бөлікке бөлінеді, ата-ана, қыз, ұл, ал мына шашақтары ұрпақтары деген мағынаны білдіреді. Шебері 1 ай уақытын жұмсап, 200 грамм күміс қолданған.  

Төлеген Өтепқалиұлы, зергер:

- Осы шеберханада дүниеге келдік, темірмен балға соғып өстік. Сол кезде белігілі болды кім болатынымыз. Әкемнен асқан шебер болуды армандаймын. Зергерлік деген тек талант емес, таза еңбек, таза технология. Шеберді шебер қылатын құралы. Мақсатымыз құнды, бағалы, адам өзінен кейін мұра қылып қалдырып кететін бұйым жасау. Ол 100, 200 жылдық болуы мүмкін. Мысалы, Эрмитажды қарасаң, қазақтың байларының бұйымдары Эрмитажда тұр. Қазақтың санының туристерді көбейтуші болып тұр. Сондай бағытты ұстанғым келеді.

Оның (атауы реклама) бұйымдарына тапсырыс ел ішінен бөлек АҚШ, Еуропа қазақтарынан түсіпті. Оларға сый кәдеге беретін ерекше туындылар дайындалған. Алдағы уақытта әшекейлерді сән апталығында көрсету жоспарланған.