Қазақстандық жасөспірім Оңтүстік Кореяда үздік модель атанды

Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық балалар сән байқауында қазақстандық Снежанна Ли жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «Хабар 24». Ол мыңға жуық қарсыласын басып озды. Енді отандасымыз жарнама мен телехикаяларға түспек. 

Он төрт жасар Снежанна Кореяға ата-анасымен 3 жыл бұрын келген. Оның әкесі – Петр Ақтөбеде танымал аспаздардың бірі. Сондықтан осында жұмысқа шақырылды. Одан кейін жолдасы Гүлнұр мен балалары Снежанна мен Милан келді. Үлкен қызының Кореядағы сайыста жеңіске жетуі кездейсоқ емес. Өйткені ол жастайынан ән айтып, би биледі.

Снежанна Ли, халықаралық балалар модельдері байқауының жеңімпазы:

– Менің атым – Ли Снежанна. Мен 8 сыныпта оқимын. Кореяға 2018 жылда келіп, кәріс тілін 2 жыл оқыдым.

Қазылар алқасын шетелден келген қыздың таза кәріс тілінде сөйлегені танғалдырды.

Гүлнұр Ахметова, Снежаннаның анасы:

– Біздің отбасымызда негізі ата-әжесі сол кезде Снежаннаны қазақ тіліне үйреткен. Өзі қазақ тума-туыстарының арасында жүргесін енді өзі тез үйреніп, тез тілді қабылдап солай үйреніп кетті.

Снежанна сахнаға 91-нөмірмен шықты. Оған қарап қазылар алқасы тұтас Казақстанмен танысқандай болды. Өйткені жерлесіміз қазақ биін орындап, ұлттық киім киді. Көрермендер қыздың әр қимылына тәнті болды. Оның шеберлігін шыңдауға анасы көп көмектесті.

Жарыста жеңіске жеткені үшін Снежаннаға 1 миллион вон табысталды. Бұл – шамамен сегіз жүз доллар. Бұдан бөлек, жарнама мен телешоуларға түсуге шақырту алды. Қосымша табыс отандасымызға арманына жетуге көмектеседі. Снежанна беделді корей университетін бітіріп, Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын бизнес ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ...