Ұлыбританияда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы ұлықталды

Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасының депутаттары іргесі бекіп, нығайған, экономикалық әлеуеті арта түскен қазақ елінің жетістіктеріне тілеулестік білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осы жиын-тойда тәуелсіздік туралы кітап та көпшілікке таныстырылды. 1991 жылы Ұлы дала елі туралы Ұлыбританияда көп адам біле бермейтін. Ел егемендігін алғаннан кейін тура бір ай өткен соң екі ел арасында дипломатиялық әріптестік орнатылды. Бүгінде Біріккен Корольдік Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 30 жыл ішінде көптеген сала бойынша екіжақты қарым-қатынастар орнатылып, өзара ынтымақтастық жаңа сапаға көтерілді.

Боб Стюарт, Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты:

– Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері таң қалдырады. Аяғына енді тұра бастаған жылдары Ұлыбританияның өзінде мұндай ілгерілеушіліктер болды деп ойламаймын. Демократияcы мінсіз мемлекетке айналуымыз үшін 800 жыл қажет болды. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан егемендігін алғаннан бері күрмеуі қиын мәселелерді шешіп келеді.

Кембридж университеті Білім беру инновациялары департаментінің директоры профессор Коллин Маклафлин 30 жыл көлемінде еліміздің білім жүйесінің дамуына үлес қосып келе жатқан британиялықтардың бірі. Әлемдік педагогикада мойындалған ғалым Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты бірегей жобаға өзінің қатысы бар екенін мақтан тұтады.

Коллин Маклафлин, Кембридж университетінің профессоры:

– Назарбаев зияткерлік мектебі өзгеріп, дамып отырды. Мен оны инновациялық-эксперименталды оқу орны деп те атаймын. Білім беру бағдарламасы жетілдіріліп, оны ел ішіндегі бүкіл мектепке енгізуге тырысты. Бірегей жұмыс нәтиже беріп, оның пайдасын бүкіл халық көріп отыр деп ойлаймын. 

Іс-шара барысында «Қазақстанның 30 жылы: оянған Ұлы дала» атты кітап көпшілік назарына ұсынылды. Ол Тәуелсіз Қазақстанның түрлі кезеңдеріне арналған эсселер жиынтығынан тұрады. Елдің тарихы, саяси, экономикалық және білім саласындағы реформалары, инвестиция, сыртқы саясаттағы жетістіктері, мәдениет, туризм – бәрі қамтылған. Жобаға беделді британиялық, халықаралық және қазақстандық сарапшылар тартылды. Кітап 2 мың данамен басып шығарылды. Сондай-ақ оның онлайн нұсқасы қолжетімді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы