Түркияда Еуразия симфониялық оркестрінің концерті өтті

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған кеш Түркияның президенттік симфониялық оркестрінің залында ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Концерттік бағдарлама аясында Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, опера әншісі Талғат Мұсабаев, дарынды композитор Рахат-би Әбдісағын мен Еуразия симфониялық және «Шабыт» домбырашылар оркестрі қазақстандық және шетелдік композиторлардың туындыларын орындады. Түркия мәдениет және туризм министрлігі мен еліміздің елшілігі ұйымдастырған бұл шара мәдени- шығармашылық байланысты нығайтып, Қазақстанның заманауи сазгерлерінің шығармашылығын насихатауды көздейді.

Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық әртісі:

– Германия, Австриядан кейін гастрольдік сапарды Түркияда жалғастырып отырмыз. Түркияның президенттік симфониялық оркестрінің залында сахна алу біз үшін мәртебе. Мұнымен шектелмей, алдағы уақытта мамандарымыз арасында тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды бастасақ дейміз. Анкара жұрты өнерімізді жақсы қабылдады. Алдағы уақытта бұдан ірі бағдарламамен келу ниетте бар.