Елордада Әбу Насыр әл-Фарабиге ескерткіш қойылды

Бас қалада Әбу Насыр әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының алдында ғұлама-ойшылға арнап ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев арнайы қатысты.

«Ұлы ойшыл ғұлама, Аристотельден кейінгі ғаламдағы екінші ұстаз атанған әл-Фараби – біздің ғана емес, тұтас адамзаттың бағына біткен тұлға. Ғылымның сан саласын жетік меңгерген философ метафизика, эпистемология, эстетология, этика, физика, астрология, психология мен музыка салаларының теориялық негізін қалаған энциклопедияшы ғалым. Елбасы да өзінің «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берген», - деді Мемлекеттік хатшы.

Айта кетейік, 2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Осы ретте шараға қатысушылар, әл-Фарабиді туған топырағымен қайта қауыштырып, туған ел үлесінде қалуға зор еңбек сіңірген қазақ ғалымы Ақжан әл-Машаниді де еске алды. «Баба еңбектерін әлемнің барлық мұрағаттары мен кітапханаларынан іздестіріп, 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның оныншы конгресінде әл-Машани бастаған ғалымдар қазақ даласында дүниеге келгенін дәлелдеп шықты», - дейді Қ. Көшербаев. Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактаттарында жазылған бақытты, қайырымды және мейірімді адамдар сипаттамасы хакім Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндес екенін де атап өтті. Қазір елімізде философтың атында университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми-техника саласындағы ең жоғары марапат – әл-Фараби атындағы мемлекет сыйлығы тағайындалды. Енді еліміздің рухани өміріндегі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі – ұлы ойшыл, ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған елордадағы ескерткіштің ашылуы. Мемлекеттік хатшы жобаны жүзеге асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, ескерткіштің авторлар мен мүсіншілерге алғыс айтты.

Ғұлама мүсіні қола мен граниттен жасалған, оның биіктігі – 9,5 метр.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Қазір біз жаңа ғасыр басында жаңа шақырулар алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның жастары жаңаша көзқарастағы ойы озық, санасы сергек, азат рухты болуы керек. Қадірменді қауым, бүгінгі тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасына мәңгі қалдыруда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми техника саласындағы ең жоғары марапат әл-Фараби атындағы мемлекет сыйлығы тағайындалды.