Алматыда басталған «Бастау» ІХ халықаралық фестивалі жас киногерлерге жол ашады

Алматыда «Бастау» ІХ халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байқауда 35 мемлекеттен қатысып жатқан жас режиссерлердің тырнақалды туындылары сыналады. Бес күндік кинофестиваль аясында үздіктер марапатталып, тіпті топ жарған жоба бойынша толыққанды фильм түсіріледі.

«Бастау» халықаралық кинофестивалінің тарихы 1982 жылдан басталады. Жас режиссерлердің талантын ашып, үлкен киноға жол сілтейтін байқауға биыл 35 мемлекеттен 1500-ден астам жұмыс қабылданған. Жақсы деген студенттік және дебюттік жобалар іріктеліп, 80 туынды байқауда бақ сынайтын болды. Үздік жұмыстарды танымал режиссерлер мен киносыншылар анықтайды.

Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер:

– Осы фестивальге қатысып отырған жас режиссерлердің ішінен болашақта белгілі, мықты режиссерлер шығады деген ойдамыз. Сондықтан соларды сұрыптап, соның ішінен ең мықтысын табуға тырысуымыз керек сияқты. Себебі кез келген фестивальдің мақсаты сондай.

Байқау қысқаметражды, анимациялық фильм, деректі кино аталымдары бойынша өтеді. Одан өзге конкурстан тыс 14 фильм көрсетіледі. Арнайы аталымдар бойынша топ жарған жас режиссерлер қаржылай сыйлықпен марапатталады. Ал үздік жобаның авторына қомақты қаражат бөлініп, өз туындысы бойынша толықметражды фильм түсіреді алады.

Сергей Әзімов, «Бастау» кинофестивалінің президенті:

– Фестивальдің аты – Бастау. Әр жас кинематографиске сол фестиваль бастамасы – бірінші қадамы. Сол себептен жастардың бастауы оңынан болсын деп ақ жол тілейміз.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – жас таланттардың жолын ашу. Кинофестивальге ұсынылған фильмдер 30 қараша мен 4 желтоқсан аралығында «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісінде тегін көрсетіледі. Фильмдердің кестесін «Бастау» фестивалінің арнайы сайтынан көре аласыздар. Тағы бір ақпарат– кинофестиваль алдағы жылдан бастап жыл сайын тұрақты өткізілетін болды.

Авторлары Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев