Елбасы – түркі интеграциясының архитекторы – Түркия конференциясы

Осындай атаумен Анкарада ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл күнгі шараға түрік саясаткерлері, қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдері қатысты. Жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем және аймақ тұрақтылығы мен бейбітшілігіне қосқан үлесі, соның ішінде түркі интеграциясындағы рөлі мен бастамалары сөз болды. Баяндамашылар елбасының күллі түркіге ортақ бастамалары келешек ұрпаққа жасалған баға жетпес мұра екенін тілге тиек етті. Шара барысында Елбасы жайлы қысқа фильм көрсетіліп, түрік тілінде жарияланған кітаптары таратылды.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Қазақстан Орталық Азияның жарқыраған жұлдызына айналды. Бұл жұлдыз өзінің жарықтығын тек аймаққа ғана емес төрткүл дүниеге берді. Мәселен, Назарбаевтың бастамалары әлемде бейбітшілік пен тұрақтылыққа мол үлес қосты десек артық айтпаймыз. Ол тек елінің ғана емес, түркі жұртының көшбасшысына айналды. Нұр-Сұлтан қаласын келіссөз бен диалогтың астанасы еткен де сол.

Мехмет Сейфеддин Эрол, Анкара стратегиялық зерттеу орталығының директоры: 

– Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның ғана емес, Түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздігін негізге алған көшбасшы. Мәселен, Түркі Мемлекеттері ұйымы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Түркі Академиясы мен ТүркПа-ның оның бастамасымен құрылуы, елбасының түркі дүниесінің сыртқы саясатының негізін қалап, бағыт-бағдарын айқындағанына куә боламыз. Осыған байланысты, түркі әлемінде «Назарбаевтың миссия ордені» атты марапатты жасауды ұсынамын.