Астанада толағай тұлғалар туралы алты тарихи сериал таныстырылды

Бүгін «Қазмедиа» орталығында алты бірдей тарихи сериалдың таныстырылуы өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шара кезінде тау тұлғалардың өмірбаянына арналған бірқатар шығармашылық жобалар жайында айтылды.

Жуырда Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенов, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев сынды қайраткер тұлғалар туралы бірнеше сериалы туындылар көрерменге жол тартпақ. «Домалақ ана» және «Жәңгір хан. Сарай сыры» атты тарихи сериалдар да көгілдір экраннан көрсетіледі. Келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаевтарды дәріптеуге арналған кинотуындылар жарыққа шықпақ. Сонымен бірге Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау жоспарда бар. Таныстырылым кезінде мәлім болғандай, биыл түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқытқа арналған телехикаяның шығармашылық жұмыстары басталды. Түсірілім үш жылда аяқталады.

Айта кетерлігі, «Хабар» арнасының көрермендері алдағы уақытта бұлбұл әнші Роза Бағланова туралы көркем фильмді тамашалай алады.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Сериалды түсіруге атсалысқан барлық шығармашылық ұжымға үлкен алғысымды айтқым келеді. Жоба жетекшілері, актерлер, сценаристер, режиссерлар, техникалық мамандар. Бұл жерде бөліп жаратын емес, ұлкен шығармашылық ұжым жұмыс істеді. Барлығы да тарихымызды жаңғыртып, ұрпаққа таныстыратын маңызды жобаның басы-қасында жүрді. Сондықтан да бұл кісілердің еңбегі өте зор.

Мәлім болғандай, көрерменге ең бірінші болып жол тартатын тарихи телехикая қазақтың ағартушы-ғалымы Ахмет Байтұрсынов жайында болмақ. «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты сериал 6 бөлімнен тұрады.

Мұрат Есжан, «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының сценарист-режиссері: 

- Біз енді портреттік ұқсастыққа көбірек мән бердік. Себебі Ахметтің суретін, образын елдің бәрі біледі. Содан кейін қазақы үн болғанына, сол кездегі сияқты сөйлейтін адамның табылғанына көбірек ден қойдық. Ол рольді Байғали Есенәлиев, актер Байғали Есенәлиев алып шықты.