425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Алпамыс» 30 жылдан соң сахнаға қайта оралды

  • 150
  • UPD: 10:24, 03.12.2021
«Алпамыс» 30 жылдан соң сахнаға қайта оралды

«Астана Опера» театры композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңаша ұсынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қойылым фэнтези стиліндегі жарқын сахналық көріністері бар толықметражды фильм түрінде болмақ. Көрерменді тағы қандай жаңашылдық күтіп тұр.

«Алпамыс» операсы алғаш рет 1974 жылы Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында сахналанған. Бұл қойылымның бүгінгі премьерасы заманауи техникалық әдістермен жаңаша түрленген. Спектакльде аң-құстардың дауысы, орман, су сыбдыры көрерменге ерекше әсер сыйламақ.

Юрий Александров, қоюшы режиссер:

- «Алпамыс» операсының жанрын фэнтези деп атауға болады. Себебі онда көп жағдайда шындықтан алыс ертегі оқиғалары да бейнеленген. Бұл қойылым театрдың басқа қойылымдарынан айтарлықтай өзгеше болмақ. Батырдың белгілі бір уақытқа байланбаған қиял-ғажайып оқиғасы сценографияға деген тиісті көзқарасты талап етеді.

«Алпамыс» қазақ ұлттық эпосы көптеген түркі этностарының ауызша халық шығармашылығымен үндесіп жатыр. Опералық қойылымда алмағайып заманда жауыздықпен тайталасқан батыр бейнесі ерекше көрініс тапқан. Мұнда Алпамыс батыр партиясын Расул Жармағамбетов сомдайды.

Расул Жармағамбетов, Алпамыс батыр партиясын орындаушы:

- Бұл рөлге екі айдай уақыт дайындалдым. Бұл рөл маған жақын. Себебі мен қазақтың қарадомалақ баласымын.  

Жер ана - бұл спектакльдің басты символы. Ол қойылым бойы жарқын болашаққа деген үміт сыйлайды. Жалпы көріністердің сан алуандығы көрермендерді ерекше әсерге бөлері сөзсіз. Себебі ондағы декорациялар мен әртістердің өнерін тек көзбен көру керек.

Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков

Хабар 24 телеарнасы